ЕО мен АҚШ вакцинаны жеткізу жүйесін күшейтпек 

Еуроодақ пен АҚШ әлемде коронавирусқа қарсы вакцинаны жеткізу жүйесін бірігіп күшейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Брюссельде Еурокомисссия басшысы Урсула Фон дер Ляйен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен кездесуде мәлімдеді. Бұған дейін Еурокомиссия вирусқа қарсы вакцина экспортын бақылауды қатаңдату туралы шешім қабылдаған. Шектеу Еуропаға екпе жеткізуді қиындатып, кедергі келтіріп жатқан елдерге қолданылмақ.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

– Басты міндет – коронавирус індетін тоқтатып, оның салдарымен күресу. Әлемдегі барлық мемлекет қауіпсіз болмаса, бір де бір аймақтағы жағдай оңалмайды. Сондықтан біз дүниежүзінде вакцинаны жеткізу жүйесін нығайтуды талқыламақпыз. Жаңа штамдарға қарсы күреске, зерттеулерге қаржыны аямау керек.

Энтони Блинкен, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

– АҚШ ортақ мәселелерді одақтас елдермен бірігіп шешуге күш сала береді. Мұндай істе Еуроодақты басты серіктесіміз деп білеміз.