Австралиядағы су тасқынынан халықтың 40%-і зардап шеккен

Австралия 5 күн бойы толассыз құйған нөсерден кейінгі тасқыннан келген шығынды есептеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, табиғи апаттан 25 миллион халықтың 40%-і зардап шеккен. Жергілікті сақтандыру компаниялары бір ғана Жаңа Оңтүстік Уэльс штатындағы материалдық шығын 760 миллион АҚШ долларына тең деп жар салуда. Тасқын салдарынан 2 адам көз жұмып, 40 мыңнан астамы қауіпсіз жаққа көшірілді. Бұдан басқа, елдің шығысындағы өзендер арнасынан тасып, жолдар мен көпірлер, шаруа қожалықтары, тіпті тұтас қалалар су астында қалды.

Виктория Доддс, Метеорология бюросының өкілі:

- Үлкен су Жаңа Оңтүстік Уэльс штатына әлі де қауіп төндіріп тұр. Сондықтан барынша сақ болған жөн. Дегенмен, апта аяғына қарай жағдайды бақылауға аламыз деп ойлаймыз.