COVID-19 қоршаған ортаға орасан зиян келтірді

COVID-19 адамзат баласына ғана емес, қоршаған ортаға да орасан зиян шектірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Карантин кезінде ауа тазарып, табиғат бір түледі деп қуанғанымызбен, қоқыс көлемі арта түскен. Жануарларға да жаңа қауіп төне бастаған.

Пандемия әлемдегі қоқыс көлемін көбейтті. Әсіресе, пластик өнімдерін. Сақтық мақсатында кез келген тауар не азық-түлік жеке-жеке пластик қапшықтарға оралды. Ал бетперде мен медициналық қолғаптарды тек ақ халаттылар ғана емес, дүкендегі сатушылар, жеткізу қызметінің өкілдері, бір сөзбен айтқанда, бәрі пайдалана бастады. Бірақ қайта өңдеуге жарамайтын бұл заттардың бей-берекет шашылуы табиғаттың ластануына әкелді.

Адам Ратнер, теңіз биологы:

- Бүтін немесе ұсақ бөлшектерге бөлінген пластик материалдар балықтардың ағзасына түсіп жатқаны алаңдатады. Бұл өте күрделі мәселе.

Табиғатты қорғау ісінде пандемияның тигізген оң әсері де жоқ емес. Мәселен, локдаун жарияланып, азаматтардың жүріс-тұрысы азайған кезде бір топ украиналық белсенді жойылып кетуге жақын қалған зубрларды сақтап қалу ісін қолға алды. Яғни жоғары технологиялық қарғы арқылы олар әр зубрдың жағдайын жіті бақылап отырмақ. Осылайша, украиналық белсенділер жабайы өгіздер санын біртіндеп көбейтуге кіріскен.

Богдан Выхор, WWF Ukraine бағдарламасының жетекшісі:

- Қарғы үнемі жануардың қайта жүргені жайлы ақпарат жинап отырады. Осылайша, біз олардың не жеп, қайда жүргенін біле аламыз.

***

Еуроодақ желім көмегімен құс аулауға тыйым салды

Ал франциялық зооқорғаушылар желімнің көмегімен құс аулайтындардың жолын кесті. «Өйткені құс аулаудың бұл түрі өте қатал», - дейді олар. Айта кетейік, Франция мұндай әдіспен құс аулауға рұқсат беріп келген Еуроодақтағы жалғыз ел болатын.