Суэц каналын кеменің бөгеп тастауы мұнай бағасына әсер етті

Суэц каналында қайраңда тұрып қалған «Эвер Гивен» жүк кемесін алып шығу операциясы жалғасуда.

Енді алып кемені босату үшін оның маңы тереңдетіліп, құмнан аршылып жатыр. Сонымен қатар «Эвер Гивенді» тартып шығаруға да күш салынуда. Құтқару шарасымен айналысып жатқан голландиялық компания басшысы жүк кемесін шығаруға бірнеше апта кетуі мүмкін дегенді айтады. Сарапшылар болса құтқару жұмыстарын жүргізуде өте абай болу керек дейді.

Саль Меркогльяно, тарихшы:

- Қазір құтқарушылар бірнеше амалды қарастыруда. Мысалы, кеменің жүгін жеңілдетуді жөн көрді. Суэц арнасын кеңейту де қарастырып жатыр. Бірақ бұл қадамға аса абай болған дұрыс. Себебі, кеменің бір бүйірінен жүкті алып тастағанда тепе-теңдік бұзылады ғой, морт сынып кетсе,  мұнай төгіліп апатты жағдайға әкелуі мүмкін.

Еске сала кетейік, наурыздың 23-і күні тайваньдық көлік компаниясына тиесілі 400 метрлік жүк кемесі Суэц каналында қайранға тұрып, су жолын жауып тастады.  Қытайдан Роттердамға бет алып бара жатқан кеменің маңызды күре жолда тұрып қалуынан 150-дей кеме жүре алмай қалды. Кеменің нақты неден апатқа ұшырағаны әлі белгісіз.