Стив Джобстың түйіндемесі $222 мыңға сатылды (сурет)

Apple компаниясының негізін қалаған Стив Джобстың жұмысқа тұруға арналған анкетасы Charterfields аукционында 162 мың фунтқа (шамамен $222 мың) сатылды, деп жазады rosbalt.ru.

Бәссауданы ұйымдастырған компанияның сайтындағы мәліметке сәйкес, түйіндемені Джобс 1973 жылы өз қолымен толтырған. Бұл оның колледждегі оқуын тастап, Atari компаниясына техникалық маман ретінде жұмысқа орналасқан кезі болса керек.

Дәл осы Atari-де Джобс Стив Вознякпен танысып, арада үш жылдан соң, 1976 жылы, Apple компаниясының негізін қалады.

Аукцион 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында өтті.