АҚШ-қа Орталық Америкадан бет алған мигранттар легі артып барады

Жаһанды алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі – көші-қон.

Жақсы тұрмыс іздеп, өзге елдерге қоныс аударушылар күннен күнге көбейіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, АҚШ үшін бұл мәселе үлкен проблемаға айналды. Дәл қазір бұл ел соңғы 20 жылда болмаған жағдайды бастан өткеріп жатыр. Кәрі құрлықтағы Канар аралдары да дәл осындай қиындықтарға тап болды. Енді мәселе қалай шешілмек?

Мәселен, британиялық шенеуніктер мигранттардың ағылуын тоқтату үшін босқындарды қабылдау ережесін қатаңдатқалы жатыр.

АҚШ-қа Орталық Америкадан бет алған мигранттар легі артып барады. Мұндай үрдіс әсіресе, соңғы айларда қатты байқалып отыр. Америкаға қоныс тепкісі келетіндердің көптігі сонша, ел билігі мигранттардың легіне төтеп бере алмай жатыр. Тек ақпан айының өзінде америкалық сақшылардың қолына түсіп, қамауға алынған мигранттар қатары 3 есе артқан. Санға салсақ, бұл шамамен 19 мыңдай адам. Осындай жағдайға байланысты Америка билігі енді келімсектерді кері қайтара бастады. Осы мәселе төңірегінде қазір Вашингтон мен Мексика арасында екіжақты келіссөздер де жүріп жатыр. Дегенмен, кәмелет жасына толмаған кейбір азаматтарға Құрама Штаттар аумағына өтуге рұқсат беріліп, оларға баспана беру жағы қарастырылып жатыр.

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Кей азаматтар неліктен өз елдеріне қайта алмай жатыр? Өйткені Мексика оларды қабылдаудан бас тартып отыр. Осыған байланысты аталған елмен келіссөздер жүргізе бастадық. Себебі азаматтар өз елдеріне қайтулары тиіс. Тек ата-анасыз жүрген балаларға ғана біз көмектесуге дайынбыз.

Джо Байденнің айтуынша, бұрынғы президент АҚШ пен Мексика арасындағы миграциялық процестерді реттеуге бөлінген 700 миллион долларды игермеген. Соның салдарынан мигранттар ағымы 31%-ке артып кеткен. Енді қазіргі әкімшілік шекарадағы бақылауды реттеп, босқындарға арналған арнайы орталықтар ашуды көздеп отыр.

Көші-қон мәселесі мұхиттың бергі бетіндегі Еуроодақ елдерінде де қиын болып тұр. Әсіресе, заңсыз босқынға толған Канар аралдарында. Кеден қызметінің хабарлауынша, мұнда бір ай ішінде 100 мың адам қамауға алыныпты. Босқын мәртебесін алғысы келетіндер де өте көп. «Мигранттарға арналған уақытша лагерьлердің лық толы болуы соның дәлелі», - дейді олар. Бірақ аталған орталықтарда қолайлы жағдайдың болмауына байланысты азаматтардың көбі ол жерлерден қашып, қайықпен өзге елдерге бет алып жатыр.

Сек, Сенегалдан шыққан мигрант:

- Арамыздағылардың көбі Сенегалдан шыққандар. Мен бұрын балық аулаумен айналысқан едім. Бірақ су деңгейі төмендеп кеткен соң күнкөріссіз қалдық. Сөйтіп қолымызда бардың бәрін сатып, Испанияға көшуді шештік.

Ұлыбритания билігі елге заңсыз мигранттардың ағылуын тоқтату үшін босқындарды қабылдау ережесін қатаңдатпақ. Ел үкіметі парламентке осыған қатысты жаңа заң жобасын ұсынды. Оған сәйкес, Корольдік аумағына заңсыз кірген мигранттың босқын мәртебесін алуы шектеледі. Олардың елге кіруіне көмектескен адамдар түрмеге жабылады. Ал босқын мәртебесін алу туралы өтініші кері қайтарылған мигранттарды депортациялау жылдамдатылмақ. Құқық қорғаушылар бұл босқындарды алалау деп, үкіметтің бастамасын сынға алып жатыр. Билік «жаңа жүйенің артықшылығы көп», дейді.

Прити Пател, Ұлыбритания ішкі істер министрі:

- Қазір ел аумағындағы мигранттардың 60%-і мемлекетке заңсыз кіргендер. Бұл дұрыс емес. Себебі, тұрғындардың өміріне қауіп төндіреді. Біз осы мәселені шешу үшін мигранттарды қабылдау ісін жетілдірмекпіз. Жаңа жоспар шекарадағы бақылауды күшейтіп, елде қылмыстың азаюына септігін тигізеді.

Ресми мәліметке қарайтын болсақ, былтыр Ла-Манш бұғазы арқылы Корольдік аумағына 8,5 мың мигрант заңсыз кірген. Олардың басым бөлігі қылмыскерлердің қызметіне жүгініпті. Жалпы өткен жылы Ұлыбританиядан босқын мәртебесін сұраған адамдардың қарасы 35 мыңға жеткен.

Ал Парижде мигранттар құқығын қолдауға бағытталған шеру өтті. Қоғамдық ұйымдар мен қайырылымдылық топтар ұйымдастырған акцияға қарапайым тұрғындар мен мигранттардың өздері қатысты. Сөйтіп, республика алаңына жиналған жүздеген адам шатыр құрып, биліктен босқындардың жайлы баспанамен қамтамасыз етілуін талап етті.