Ресми Бейжің Ұлыбританияның тоғыз азаматы мен төрт нысанына санкция салды

Қытай сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, бұған олардың әдейі жалған мәлімет таратуы себеп болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп, олардың туыстарына да Қытай аумағына келуге тыйым салынды. Бұл Ұлыбритания үкіметінің Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы жағдайға байланысты салған санкцияларына жауап қимыл болды. Осыған дейін ресми Бейжің Еуроодақтың 4 ұйымы мен жеке 10 тұлғасына да тап осындай шара қабылдаған.

Еске сала кетсек, Швецияның белгілі киім сататын желісі Шыңжаң мақтасын сатып алудан бас тартты. Өйткені жергілікті билік халықты күштеп, мақта жинататын көрінеді. Ал Қытайдың негізгі интернет-дүкендері бұл фирманың тауарын сатпайтын болды. Қытай жұлдыздары оларды жарнамалаудан бас тартты. Қытай Сыртқы істер министрлігі өкілінің мәлімдеуінше, швециялық компанияның айыптауына еш негіз жоқ.

Хуа Чуньин, ҚХР СІМ ресми өкілі:

- Айтарымыз: Қытай халқы кейбір шетелдіктерге қытай күрішін жеп отырып, қытай ыдысын сындыруға жол бермейді. Біз ашықпыз және шетел компаниялары мен азаматтарының Қытайда жұмыс істеуін құптаймыз. Бірақ еліміздің мүдделеріне нұқсан келтіретін өтірік пен қауесетке негізделген шабуылдарға қарсымыз.