Аргентинада коронавирус қалдықтарынан өнер көрмесі өткізіледі

Аргентиналық суретші коронавирус қалдықтарынан өнер туындыларын жасай бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бетперделер, шприцтер, вакциналар мен басқа да медициналық заттар түрлі мүсіндерге айналуда. 45 жастағы Марсело Толедо АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама мен әйгілі әнші Мадоннаға зергерлік бұйымдар жасап берген атақты қолөнерші. Ол былтыр алғашқылардың бірі болып індетпен ауырған. Коронавирус қоқысынан туынды жасау идеясы сол кезде ойына келген. Шеберге қажет заттарды ауруханалар, зертханалар мен тұрғындар жібереді. Ол жасаған туындыларынан қыркүйекте Буэнос-Айрес орталығында және әлемнің өзге де ірі қалаларында арнайы көрме өткізуді жоспарлап отыр.

Марсело Толедо, мүсінші:

– Ауруды сұлулыққа ауыстыра алғанымды мақтан тұтамын. Өмірімде алғаш рет ешқандай шикізат сатып алмай көрме өткізгелі жүрмін. Көрме барысында коронавирустың хронологиясын көрсеткім келеді. Бұл індетті адамзат өмірінде соққан жойқын дауылға ұқсатамын.