Сауд Арабиясы Йемендегі қақтығысты тоқтатуды ұсынды

Миллиондаған босқын Йеменнен үдере көшкелі 7 жылдан асты. Бұл туралы толығырақ «Әлем» бағдарламасында айтылады.

Бүгінге дейін осы елде мыңдаған адам қаза тауып, миллионға жуық йемендік босқынға айналды. Оған себеп – хусит көтерілісшілері мен үкімет әскері арасындағы қақтығыстар. Осы аптада Сауд Арабиясы Йемендегі атыс-шабысты тоқтатудың жаңа жолын ұсынды. Корольдіктің сыртқы істер министрі Фейсал бин Фарханның мәлімдеуінше, Йемен астанасы Санадағы халықаралық әуежайдың жұмысын кейбір бағыттар бойынша қалпына келтіруді сұраған. Сондай-ақ Ходейда портынан блокаданы ішінара алып тастап, түскен кірісті Солтүстік және Оңтүстік биліктердің орталық банктегі ортақ есебіне жіберуді көздейді. Эр-Рияд ұсынған бұл бастаманы Йемен үкіметі құптаса, хуситтер келіспей отыр. 

Фейсал Бин Фархан, Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі:

– Біз Йемендегі дағдарысты тоқтату және жан-жақты шешімге қол жеткізу жөніндегі бастамасы туралы жариялаймыз. Оған Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен атысты доғару жағы да кіреді.

Естеріңізге салсақ, Йеменде 2014 жылдан бері шиіттердің хусит көтерілісшілері үкімет әскерімен соғысып жатыр. Сауд Арабиясы коалиция құрып, 2015 жылғы наурыздан бастап азаматтық соғысқа араласқан-ды. Үкімет әскеріне болысқан олар талай мәрте хуситтерге қарымта соққы жасады. Алайда хуситтер 2014 жылы Йемен астанасы Сананы басып алып, үкіметті Сауд Арабиясына қашуға мәжбүрлеген болатын. Содан бері қарулы қақтығыстар сәл саябырсығанымен, түбегейлі тоқтаған жоқ.