Еуроодақта 15 маусымнан бастап екпе сертификаттары беріле бастайды

Кейінгі уақытта коронавирус жағдайындағы туризм түсініксіз жайттарға толы.

Мәселен, Германия азаматтары өз елінде саяхаттай алмайды, бірақ демалысын шетелде өткізуіне болады. Ал испан жерінде шетелдіктердің келуіне рұқсат етілгенімен, өз халқының ел шарлауына рұқсат жоқ.

Шынымен, соңғы уақытта түсініксіз жағдайлар орын алып жатыр. Осыған байланысты Испанияда шетелдік жиһанкездерге қарсы наразылық та күшейе бастаған.

Германия азаматтары елдегі карантиннен қашып, Пасха мерекесі қарсаңында Балеар аралдарына аттанып жатыр. Тек өткен сенбінің өзінде Германиядан Пальма-де-Майоркаға 60 ұшақ ұшқан. Ал жексенбіде аталған аймаққа бағыт алған борттың саны 70-ке жетіпті. Ағылған туристерді тестілеуден өткізу үшін қазір жергілікті әуежайда ұзын-сонар кезек. Немістердің бұл мемлекетке бет алуының себебі мынада: Германиядағы коронавирустық шектеулерге байланысты азаматтар ел ішінде саяхаттай алмайды. Бірақ шетелге шығу мүмкіндігі берілген. Испанияда да дәл осындай жағдай. Аралға немістердің келуіне рұқсат етілгенімен, құрлықта тұратын испандар Майоркаға бара алмайды.

Джероен Майер, Германиядан келген турист:

- Германия азаматтарына осында келуге рұқсат етілгені өте керемет жаңалық деп есептеймін. Бір өкініштісі, Испанияда тұратын тұрғындардың мұнда демалуына тыйым салынғаны. Соңғы уақытта Германияда коронавирус төңірегіндегі көрсеткіш нашарлап барады. Бұған Майорка халқы түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Дегенмен, мұнда да қауіпсіздік ережелері біртіндеп өзгеріп жатыр. Қазір мейрамхананың ішінде отырып тамақтана алмайсың. Маска тағып, әлеуметтік арақашықтық сақтау жағы тағы бар.

Испания билігі санаулы елге ғана рұқсат берсе, түрік ағайындар туралап тұрған туризмді жандандыру үшін ешқандай елге шектеу қоймай, барлық мемлекеттің азаматтарына Жерорта теңізінің жағалауында демалуға жол ашты. Биылғы маусым санаулы күннен кейін 1 сәуірде басталады. 2020 жылды 65% шығынмен аяқтаған түрік елі биыл жоспарға қалай жетпек? Сақтық шаралары аясында бұл қаншалықты мүмкін? Жаңа маусымда, Ақ теңіз, Қара теңіз бен Егей жағалауларындағы курорттық мекендердің бағасы қалай болмақ? Бұл сауалдарды осы елдегі меншікті тілшіміз Меруерт Қанағаттан сұрап көрейік.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Иә, табысын туризмнен тауып отырған Түрік елі жаңа маусымды 1 сәуірде бастамақшы. Санаулы күн бұрын Мәдениет және туризм министрлігі жаңа маусымға сақадай-сай екенін мәлімдеп, ағымдағы жылда 34 миллион шетелдік жиһанкезді қабылдауға ниетті екенін жеткізді. Бұл былтырғы пандемиялық жағдаймен салыстырғанда еке есеге көп. Дегенмен, постпандемияға дейінгі көрсеткіштен төмен. 2021 жылғы жоспарға түрік демалыс орындары, «Қауіпсіз туризм» бағдарламасы арқылы жетуді көздеп отыр. Аталмыш бағдарлама былтыр маусым айында іске қосылған. Биыл оның аясы кеңейтілді. Не өзгерді деген сұраққа келсек, бұған дейін шетел азаматтарының әуежайда толтыруы тиіс сауалнамасын алдын ала арнайы сайтта толтыру қажет. Сосын әр жолаушы ПТР-сынамасының теріс нәтижесін көрсетуге міндетті. Ескеретіні, коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест ұшаққа отырамас бұрын 72 сағатта жасалуы тиіс. Қазір бұл ереже 15 сәуірге дейін енгізілген. Туризм министрлігінің мәлімдеуінше, бұл жағдай 15 сәуірден кейін халықты жаппай вакциналау бағдарламасының белгілі дәрежеге жеткен және эпидемиологиялық жағдайы жақсарған елдерден алынып тасталуы мүмкін. Түркияда маска режимі әлі сақталған. Туристер бірқатар шектеулерден босатылғанымен, бетперде тағуға міндетті.

Диктор:

- Жалпы Түркияда демалыс күндеріне арналған коменданттық сағаттың енгізілгенін білеміз. Бұл жағдай курорттық аймақтарда бар ма? Туристер бұл күндерде не істейді?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Елдегі коменданттық сағат осыдан бірер апта бұрын алынып тасталды. Тек қауіптілік деңгейіне байланысты аймақтарда сақталған. Мәселен, біз білетін Ыстамбұл, Анталия секілді қалаларда сенбі күні сыртқа шығуға рұқсат. Жексенбі локдаун. Бірақ бұл шектеуден туристер босатылған. Сауда орындары мен қоғамдық тамақтану жерлері кешкі 8-ге дейін ашық. Айта кетерлігі, елдегі сақтық шараларының жеңілдеп, яки қатаңдатылуы бірер сағаттан кейін президент Ердоғанның төрағалымен өтетін министрлер отырысында белгілі болмақ. Тап осы жиыннан кейін елдегі келесі жол картасы жарияланады. Мұны алдағы сағаттарда айтатын боламын.

Ал Ұлыбритания болса, ел шекарасын тек тамызға қарай ашуы мүмкін. Бұл туралы Мәдениет министрі Оливер Боуден хабарлады. Қазір сырт елге шығуға қатысты шектеулер тек британдықтар үшін ғана емес, шетелдіктер үшін де қолданылады. Осыған байланысты әуежайға себепсіз келгендерге 5 мың фунт айыппұл салу қарастырылған. Бұл ереже бүгін күшіне енді. Айта кетейік, дәл қазіргі уақытта азаматтар ел аумағынан тек оқу не жұмысы бабымен ғана шыға алады.

Еуроодақта вакциналау сертификаттары 15 маусымнан бастап беріледі. Онда құжат иесінің есімі, жеке мәліметтері, коронавирусқа қарсы салдырған екпесі туралы деректер мен инфекцияға соңғы рет қашан шалдыққаны көрсетіледі. Сертификаттар тегін беріледі. Еуроодақ өкілдерінің айтуынша, аталған құжатты алу міндетті емес. Егер тұрғындар оны рәсімдеуден бас тартса, ұшаққа мінер алдында коронавирусқа тест тапсыруы керек болады-мыс.

Тьерри Бретон, Еуропалық одақтың ішкі нарық жөніндегі комиссары:

- Сертификат барлық жерде бірдей болады. Онда вакцинация, антиденелердің болуы секілді мәлімет көрсетіледі. Алайда азамат вакцина салдырмаған болса, онда ПТР-тестілеуден өтуі керек. Бұл әсіресе, шетелге ұшу кезінде маңызды.

Наурыздың басында Қытай билігі де екпе сертификатын енгізген болатын. Соңғы мәлімет бойынша АҚШ-та алғашқы болып Нью-Йорк қаласы тұрғындарға электронды төлқұжаттар бере бастапты.

Сондай-ақ...