Әлемде алғаш рет пластик қоқыстан қайық жасалды

Авторы – кениялық ұсталар.

Шеберлер ұзындығы 9 метр болатын ерекше су көлігімен Африкадағы ең үлкен Виктория көліне сапарға аттанды. Осылайша бастамашыл топ мұхиттарға тасталып жатқан пластиктер мәселесіне әлем назарын аударғысы келеді. Экологияны қорғаушы белсенділер 3 аптаның ішінде көршілес Уганда мен Танзанияға барып, Кенияға қайта оралады. Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының мәліметі бойынша, бір ғана Кенияның өзінде ай сайын 24 миллион пластик пакет қолданылады. Мамандар 2050 жылға қарай мұхиттарда пластик заттар балықтардан көп болатынын айтады.

Әли Сканда Абдала, идея авторы:

– Мұхиттарға тасталып жатқан пластиктерде есеп жоқ. Бұл қайықты ұзақ уақыт жасадық, себебі әлемде мұндай нәрсе бұрын-соңды болған емес. Қазір қайда барсаңыз да, қайда қарасаңыз да қаптаған пластик. Бұл затты тек ең қажет кезде ғана қолдануымыз керек. Әйтпесе осы пластикпен әдемі ғаламшарымызды - жер анамызды ластап, құртып жатырмыз. Осылайша адамзаттың, өзіміздің түбімізге жетеміз.