433,55 515.14 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытайда коронавирустың жаңа түріне қарсы вакциналау қарқынды өтуде

  • 93
  • UPD: 11:56, 30.03.2021

Тұрғындарға 100 миллионнан астам екпе жасалды.

Ірі қалаларда шетелдіктер де вакцина ала алады. Жуырда 3 пен 17 жас аралығындағы балалар да вакциналау жоспарына қосылады. Кәмелетке толмағандарға «Синофарм» компаниясының екпесі салынады.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

– Шетел азаматтарын вакциналау алдымен Шанхайда, кейін Бейжіңде жалғасты. Екпе алу үшін азаматтар жұмыс істейтін компаниясында немесе тұратын мекенжайы бойынша тіркелуі тиіс. Осылайша Қытайда ақпан айымен салыстырғанда, жасалған екпенің саны екі есе өсті. Сарапшылардың айтуынша, қазір күніне 10 миллиондай адамға вакцина егуге мүмкіндік бар. Көп ұзамай балаларға да екпе салына бастайды.

Чжан Юньтао, «China National Biotec Group» вице-президенті:

- Былтыр компания Хэнань өңірінде 3 пен 17 жас аралығында балаларға байланысты клиникалық сынақтарды өткізді. Қазіргі кезде қауіпсіздікке байланысты мәліметтер белгілі болды. Қалаған нәтижелерге жеттік.

Екпені қайтадан салу керек пе? Бұл сұраққа жергілікті сарапшылар әлі жауап тапқан жоқ. Бәрі клиникалық сынақтардың үшінші кезеңінің нәтижесі шыққаннан кейін белгілі болады. Вакцинаның әсері кем дегенде жарты жыл сақталады. Препарат антиденелердің қалыптасуына ғана емес, өзге де факторларға әсер етеді дейді мамандар.

Ван Хуацин, ҚХР ауруларды бақылау және алдын алу орталығының бас сарапшысы:

– COVID-19-ға қарсы вакциналар қысқа мерзімде шығарылды, қолданыла бастағанына да аз уақыт өтті. Вакцина кемінде жарты жыл әсер ететіні дәлелденді. Алайда оның ұзақтығы тек антиденелерге ғана байланысты емес. Сондықтан зерттеулерімізді жалғастыруымыз керек.

Ал вирустың пайда болуына тоқталсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының баяндамасына сәйкес, коронавирустың жаңа түріне ұқсас вирус жарқанат пен панголиндердің арасында табылды. Бірақ бұл ұқсастық COVID-19 дәл олардан тарады деуге жеткіліксіз. Мамандардың айтуынша, басқа да жануарлар аурудың табиғи көзі болуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы