Мозамбикте содырлар 75 мың тұрғыны бар қаланы басып алды

Африканың оңтүстік-шығысындағы Мозамбик республикасындағы шабуыл үшін жауапкершілікті «Ирак пен Левант лаңкестік тобы» өз мойнына алды.

Өткен аптада мұздай қаруланған қаскөйлер Пальма қаласындағы әскери нысандар мен үкіметтік ғимараттарға шабуыл жасап, шаһарды басып алған. Жергілікті тұрғындардың біразы ооманға, жақын маңдағы елді мекендер мен көрші Танзанияға қашқан. Шенеуніктер мен осында жұмыс істейтін шетелдіктер қонақ үйге жасырынған. Енді басқалары Францияның «Тоталь» компаниясы салып жатқан газ өңдейтін зауыт аумағына тығылып қалған. Екі күн бұрын арнайы операция кезінде қаладан 2 мыңға жуық адам эвакуцияланған. Көбі – француздың «Тоталь» компаниясының қызметкерлері. Дегенмен 75 мыңдай тұрғыны бар шаһар әлі күнге дейін лаңкестердің бақылауында. Соңғы дерек бойынша шабуыл кезінде 60-қа жуық адам көз жұмған. Арасында шетелдіктер де бар.

Исмар Нордино, жергілікті тұрғын:

– Достарым мен әріптестерімнің жағдайы үшін алаңдап отырмын. Мен қашып үлгердім. Көлікпен жүре алмадық. Сондықтан жағалауға дейін жаяу жеттік те, қайыққа мініп, кейін кемеге отырдық. Мен өзіммен ештеңе алып үлгермедім. Үстімдегі осы киіммен қашып кеттім.