Бельгияда ереуілден қоғамдық көлік қатынасы тұралап қалды

Бельгияда өткен кәсіподақ мүшелерінің ереуілі қоғамдық көлік пен теміржол қатынасын тұралатып, ірі сауда орындарының жұмысына кедергі келтірді.

Наразы халық коронавирус пандемиясынан зардап шеккен қызметкерлердің жалақысын айтарлықтай көтеруді талап етті. Бұған дейін жергілікті билік еңбек ақының көлемі жылына 0,4 процентке артатынын хабарлаған болатын. Алайда жергілікті халықтың бұған көңілі толмайды. Наразылық акцияның салдарынан Брюссельде тек бір ғана метро жолы жұмыс істеді. Трамвайлардың қозғалысы да тұралап қалды. Ал Pfizer вакцинасын шығаратын зауыттың кей қызметкерлері жұмысқа шықпай қойды. Тек пошта мен екпе егу орталықтарының жұмысшылары ереуілге қатысқан жоқ.

Марина Кунзи, кәсіподақ мүшесі:

– Ереуілге шығып отырғанымыздың себебі бар. Пандемия кезінде халық тынымсыз еңбек етті. Енді жергілікті билік пен жұмыс беруші федерациясынан жалақының көтерілуін талап етіп отырмыз. Алдағы екі жылда еңбек ақының тек 0,4 процентке артуы сезілмей де қалады. Айына бар жоғы 6 еуроға ғана көтеріледі деген сөз. Бұл ақшаға 1 кесе кофе ғана сатып ала аламыз. Ал бізге пәтер ақысын төлеп, балаларымызды асырауымыз керек. Сондықтан жалақыны тағы арттыру керек. 

Авторы: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов