Бельгияда коронавирустың үшінші толқыны өршіп барады

Бүгінде елде 500 мыңнан астам адам ғана вакцинаның екі дозасын қабылдаған.

Бұл – белгиялықтардың 5 проценті ғана. Қазір тәулігіне тіркелген науқастардың қатары күн өткен сайын артып барады. Соңғы екі апта бойы күніне 4 мың 700 адамға COVID-19 диагнозы қойылып жатыр. Бұл өткен апталармен салыстырғанда 20 процентке артық. Ал өлім-жітім көрсеткіші 18 процентке өскен. Аймақтағы эпидахуалға байланысты жергілікті мамандар дабыл қағып отыр. Айтуынша, жақын арада аурудың таралу қарқыны одан бетер күшейіп, эпидемияның үшінші толқыны ең жоғарғы деңгейге ушығуы бек мүмкін.

Изабель, Брюссель тұрғыны:

– Өте қиын жағдай. Қолдан келгенше қорғанып жатырмыз. Барлық қауіпсіздік шарасын бұлжылтпай орындасақ, келер жылы эпидахуал жақсарады деп үміттенемін.

Нелли, Брюссель тұрғыны:

– Коронавирус ырық бермей барады. Сондықтан бұдан да қатаң шараларды қолға алуымыз керек. Қашықтан жұмыс істеп жатқандарға әрине жеңілдеу. Ал кішкентай балалары бар отбасыларға оңай емес.

Бельгияда жарияланған қатаң карантин сәуірдің 12-іне дейін күшінде болмақ. Болжам бойынша сәуірдің 19-ы аймақтағы мектептер ашылмақ. Ал мамыр айының басында кафе, бар мен мейрамханалар жұмысын жандандырады. Десе де, жергілікті билік шектеу шараларының жеңілдетілетін нақты күнін дөп басып айтқан жоқ.