Германияда шетелден келетіндер үшін жаңа ережелер енгізілді

Германия билігі Франциямен арадағы шекарада бақылау-өткізу бекеттерін орнатты.

Өйткені көрші елде коронавирусты жұқтырғандар саны күрт артып барады. Сол себепті неміс билігі шетелден келгендер үшін жаңа ережелер енгізді. Енді Франция арқылы шекара асқандар коронавирусқа жасалған тесттің теріс нәтижесін көрсету керек. Сондай-ақ 10 күн карантинде болуға міндеттеледі. Бірақ кейбір жағдайда карантин мерзімін қысқартуға болады. Ол үшін елге келген бесінші күні қайтадан тест тапсырып, вирус жұқтырмағанын растау керек. 

Дитер Хутт, полицей:

– Енді Франциядан келген азаматтарда коронавирусқа тапсырған тест нәтижесінен бөлек, көші-қон туралы цифрлық анықтамасы болу керек. Бірақ кейбірінде аталған құжаттар болмаса, оларды кері қайтармаймыз. Бұл азаматтарға жақын маңдағы қалаға барып, тест тапсыруды ұсынамыз. Ал олардың жеке мәліметтерін Денсаулық сақтау министрлігіне жібереміз.

Негізі қазір тесттің теріс нәтижесі тек шекарада ғана емес, өзге орындарда да талап етіліп жатыр. Мәселен, Берлин мен екі федералдық жерде онсыз мұражай, кітапхана, сән салоны мен сауда орталығына кіруге болмайды. Немістер аптасына бір рет тегін тексеріле алады. Жұрттың көп жиылуын болдырмау үшін билік жүздеген тест орталығын ашып тастаған.