COVID-19: Лондонда соңғы алты айда адам өлімі тіркелмеген

Бұл туралы Англия Денсаулық сақтау жүйесінің басқармасы мәлімдеді.

Сондай-ақ Ұлыбритания ковидке қарсы вакциналау науқанын жүргізуді сәтті жалғастырып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі патшалықтың 30 жарым миллион тұрғыны вакцинаның алғашқы дозасын алды, деп хабарлады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Соңғы тәулікте Ұлыбританияда ковидтан 19 адам қайтыс болғанымен, Лондонда ешбір қайғылы оқиға тіркелмеді. Әдетте, демалыс күндері коронавирус статистикасын есептеуде іркіліс болып, өлім-жітім саны азаятыны белгілі. Бірақ мұндай қуанарлық жағдай апта ішіндегі орташа көрсеткіштерден де анық байқалып отыр.

Мәселен, соңғы аптада Лондонда бақилық болғандар бойынша орташа тәуліктік көрсеткіш 2,7 адамды құраған. Ал жыл басында күніне 196 адам коронавирустың құрбаны болыпты. Дей тұрғанымен, сарапшылар қаланың әдеттегі өмірге қайта оралуына әлі ерте деп есептейді.

Айта кетейік, Лондонда бүгінгі күнге дейін коронавирустан он бес жарым мыңға жуық адам қайтыс болды. Ал жалпы елде 126 жарым мыңнан астам науқас індет құрбаны болған. Осы аптадан бастап, карантиндік шектеулердің кезекті жеңілдетулері жария етілді. Енді шағын топ болып, алты адамға дейін көшеде жиналуға, сондай-ақ таза ауада командалық спорт түрлерімен айналысуға рұқсат етіледі. Азаматтарға әлі де үйден жұмыс істеуге кеңес берілді. Ал шетелге саяхатқа шыққандарға 5 мың фунт көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Борис Джонсон, Ұлыбританияның премьер-министрі:

– Мен бәрі жақсы болады деп үміттенемін. Әзірге локдауннан шығу туралы жоспарымыздан ауытқуға мәжбүр ететін деректерді көріп тұрған жоқпын. Бірақ сақ болуымыз керек екенін сіздер білесіздер. Коронавирустың жаңа және қауіпті штамдарының пайда болу ықтималдығы жоғары.

Ұлыбританияда COVID-19-ға қарсы екпе егу науқаны қарқынды жүріп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі ересек тұрғындардың 57 проценті вакцинаның алғашқы дозасын алып үлгергенін хабарлады. Вирусқа қарсы иммунитетті қалыптастыру үшін қажет вакцинаның қос дозасын 3 жарым миллион адам немесе ересектердің 6 проценті қабылдаған. Вакциналау қарқынды жүргізіліп жатқанымен, билік пандемияның жаңа толқынына қаншалықты төтеп бере алатындығын нақты айта алмайды.

Тіпті өлім-жітім және вирусты жұқтыру жағдайларының көбейіп, ауруханаларда бос орын болмау фактілерінің қайталануы да әбден мүмкін деп ескертеді.

Ғалымжан Қараманұлы