Джордж Флойдтың өлімі: сот отырысы тікелей эфирде көрсетіледі

АҚШ-тың Миннеаполис қаласында Джордж Флойдтың қазасына қатысты сот отырысы басталды.

Тыңдалымдар жергілікті телеарналардың бірінен тікелей эфирде көрсетіледі. Айта кеткен жөн, Джордж Флойд былтыр мамырда көз жұмған еді. Қара нәсілді ер адам тұтқындау кезінде полицейдің қолынан қаза тапқан. Флойдтың өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Елді полицейлердің бассыздығы мен нәсілшілдікке қарсы ереуілдер жайлап кетті. Тұтқындауға 4 тәртіп сақшысы қатысқан. Солардың бірі енді 40 жылға дейін бас бостандығын айырылуы мүмкін. Марқұмның отбасына Миннеаполис қаласының билігі 27 миллион доллар өтемақы төлеген.     

Эл Шарптон, құқық қорғаушы:

– Бұл сот отырысына бүкіл Америка жұртының назары ауып отыр. Өйткені бәріне полицей заң алдында жауап бере ме, жоқ па деген сұрақ қызықты. Ешкім де заңнан биік емес. Әділдік орнау керек.