Мозамбикте лаңкестік шабуылдан кейін 800-ден аса адам жоғалып кетті

Мозамбикте лаңкестердің шабуылынан кейін 800-ден аса адам ізім-ғайым жоғалып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тағы 3,5 мыңға жуық тұрғын үй-жайын тастап, босып кеткен. Өткен аптада «Ирак пен Левант лаңкестік тобының» мүшелері Пальма қаласына шабуыл жасап, шаһарды өз бақылауына алды. Жергілікті тұрғындар орманға, жақын маңдағы елді мекендер мен көрші Танзанияға қашып кеткен. Шабуыл салдарынан ондаған адам көз жұмды. Арасында шетелдіктер де бар. Енді Еуроодақ өкілдері шаһарға әскери көмек көрсету мәселесін қарастыруы тиіс.

Дженс Ларке, БҰҰ Гуманитарлық сұрақтарды үйлестіру басқармасының өкілі:

- Мозамбиктің Пальма қаласында сұмдық оқиғалар болып жатыр. Шаһарда қақтығыстар әлі тоқтаған жоқ. Олардың жалғасып жатқаны жайлы ақпарат алдық. Сондықтан алдағы уақытта Танзания мен көрші өңірлерге тағы мыңдаған тұрғын ағылуы мүмкін.