Франция ауруханаларындағы жағдай күрделі

Францияда коронавирустың үшінші толқынының салдары екіншісімен салыстырғанда ауыр болып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір жансақтау бөлімінде індет жұқтырған 5 мыңнан аса науқас бар. Әсіресе, Париждегі ахуал күрделі. Билік ауруханаларда қосымша 2 мың орын ашамыз деп отыр. Мұнда соңғы аптаның өзінде жағдайы ауыр науқастар саны 10%-ке артқан. Франция аумағының үштен бірінде локдаун енгізілген. Бірақ дәрігерлер биліктен шектеу шараларын күшейтуді сұрап отыр.

Жиль Пиалу, Тенон ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің басшысы:

- 1 сәуірден бастап қатаң локдаун енгізсек, үш аптадан кейін бізде жансақтау бөлімінде 3 мыңнан аса науқас болады. Ал, егер кешірек енгізсек, 4 мыңнан асып кетуі мүмкін. Ауруханаға тек коронавирус жұқтырған науқастар ғана түспейді ғой. Мәселен, онкологиямен жатқандар бар. Жағдай ушықса, дәрігерлердің қай науқасқа бірінші кезекте көмек көрсетуі үшін таңдау жасауына тура келе ме деп қорқам.