23 мемлекет пен ДДСҰ пандемия жөнінде келісім жасау ұсынысын қолдады

23 мемлекеттің басшысы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болашақта болуы мүмкін төтенше жағдайлардан сақтану үшін пандемия жөнінде келісім жасау ұсынысын қолдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл шарттың мақсаты – хабарландыру жүйелері, ақпарат пен зерттеулермен алмасуды және вакциналар мен дәрі-дәрмек өндірісін жақсарту арқылы әлемнің осындай дағдарыстарға қарсы тұрақтылығын нығайту.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:

- Келесі індетке дайындықтың жоспарын әзірлеуге кірісу үшін пандемияның аяқталуын күтуге болмайды. Осы дағдарысты ұмытып, әдетті тіршілігімізге оралуға жол бермеуіміз керек. Келісім COVID-19 көрсеткен кемшіліктерімізді жойып, денсаулық сақтаудың халықаралық ережелерінің орындалуын нығайтып, пандемияның алдын алу мен тиісті шараларды қабылдау бойынша ынтымақтастықты қамтамасыз етеді.

Шарль Мишель, Еуропалық кеңес президенті:

- COVID-19 осал тұстарымыз бен қайшылықтарымызды анықтап берді. Енді болашақ ұрпағымызды пандемиядан қорғап қалу үшін бірігетін кез келді. Бұл үшін Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгідей саяси еркімізді нақты іс-қимылға айналдыруға тиіспіз.