433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тбилиси орталығындағы тұрғын ауданды лай көшкіні басып қалуы мүмкін

  • 46
  • UPD: 15:16, 31.03.2021

Тбилиси орталығындағы тау етегінде соңғы жылдары жүргізілген құрылыс жұмыстары оның жарылуына әкелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Билік Германиядан мамандарды арнайы шақыртып, бірлескен зерттеу барысында таудағы жарықтың мөлшері мен жылжу бағытын анықтады. Сызаттар күн сайын үлкейіп келеді. Маңындағы тұрғын үйлерді лай көшкіні басып кетуі мүмкін. Салдарынан жергілікті тұрғындардың тынышы қашты. Ал елде лай көшкіндерді бақылайтын құрал-жабдық жоқ екен.

Таудағы жарық осыдан екі апта бұрын пайда болды. Сол кезден бері тау жынысы күніне 5 сантиметрге жылжып келеді. Азғантай ғана дүмпуден жарты миллион текше метр топырақ опырылып, маңындағы бүтін бір ауданды толығымен басып қалуы мүмкін. Қазір жарықтың ұзындығы 200, ал тереңдігі 18 метрге жетті. Грузияда жиі жер сілкінетінін ескерсек, жағдай өте қауіпті. Жергілікті тұрғындардан маза кетті. 

Русудан Парназишвили, Вашлиджвари ауданының тұрғыны:

- 5 мыңдай адам қол қойған петицияны тапсырдық. Онда бірнеше маңызды талап бар. Біріншіден, Вашлиджвари ауданында құрылыс жүргізуге тыйым салу. Сондай-ақ лай көшкіні жөнінде мәліметті жасырмауды талап етіп отырмыз. Қандай жұмыс өткізіліп жатқанын білгіміз келеді және бұл ақпаратты әр 24 сағат жаңартып тұрсын.

Қала әкімдігі тұрғындарға еш қауіп төнбей тұрғанын жарияласа да, жергілікті ақпарат құралдары дабыл қағып отыр. 2015 жылы болған оқиға бәрінің есінде. Сол кезде таудан аққан өзен арнасынан асып, Тбилисидің орталығын су алып кеткен болатын. Табиғи апаттан біраз адам қаза тауып, кейбіреуінің денесі әлі күнге дейін табылған жоқ. Үйлер қирап, су тасқыны хайуанаттар бағын жайпап кетті. Сонда лай көшкіні қала сыртымен өткен еді, ал қазір Тбилиси орталығына төніп тұр.

Теа Годоладзе, Сейсмикалық мониторинг орталығының директоры:

- Күн сайын геодезиялық зерттеу өткізіп жатырмыз. Алғашқы мәліметтерге сүйенсек, жарықтың кесірінен ажыраған тау бөлігі ғана емес, өзге жағы да қозғалып жатқаны расталды. Лай көшкіні жүрсе, жағдай қалай өрбитіні белгісіз. Зерттеуді жалғастыру қажет. Лай көшкінінің тереңдігі 12-18 метр, яғни салмағы өте ауыр.

Қазір бұл ауданда құрылыс жұмыстары тоқтатылып, маңындағы жол жабылды. Тауды бекіту жұмыстары басталып кетті. Осы аптада Түркиядан лай көшкінін бақылайтын арнайы құрал-жабдық жеткізілуі тиіс. Бірақ геологтар «оны тоқтату мүмкін емес» дейді. Бұл үшін елде жоқ өте күрделі инженерлік технологиялар қажет.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы