Прагадағы дәмханалардың көбі күзге қарай жабылайын деп тұр

Прага қаласындағы дәмханаларының көбі күзге қарай жабылуға мәжбүр қалғалы тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мейрамхана бизнесі кооперативтерінің өкілдері осындай мәлімдеме жасады. Ал әзірше кәсіпкерлердің қыркүйекке дейін мүлкін сатып, қарызын өтеуге уақыты бар.

2018 жылы Мартаның мейрамханасы Праганың көне ауданындағы ең танымал мекемелердің бірі саналатын. Алайда пандемия басталғаннан кейін ол қызметкерлерінің бір бөлігінен айырылды. Италиялық аспазшылар Отанына қайтуға мәжбүр қалды. Ал тапсырыспен тағамдарды сыртқа сату шығындарын ақтаған жоқ. Барлық табысы ғимаратты жалдау ақысына, шикізат сатып алуға және қызметкерлерінің жалақысын төлеуге кетті.

Марта Дримал, мейрамхананың бұрынғы иесі:

- Алғашында бұл уақытша қиындық деп ойлап едім, бірақ көктем мен жаз өтіп, түк те өзгерген жоқ. Жарты жылда кәсібіме 70 мыңдай доллар құйдым. Ал осы уақытта тапқан бірнеше мың долларды бірден жалдау ақысы мен жалақы төлеуге жұмсадым.

Сарапшылардың пікірінше, мейрамхана иелеріне дер кезінде кәсібін жабу керек еді. Мәселен пандемия басталған кезде дәмханаларын жапқан кәсіпкерлер айтарлықтай шығынға ұшыраған жоқ. Үкімет уәде еткен жеңілдіктер бұл саланы құрдымнан шығара алмайтыны маусым айында-ақ анық болған еді.

Григорий Милишта, қаржылық сарапшы:

- Менің ойымша, мейрамханалар күзде емес, жазда жабыла бастайды. Әзірше кәсіпкерлер бірінші маусымнан бастап Прагаға жүздеген мың турист қаптап келеді деген үмітін үзбей отыр. Алайда шынын айту керек, бұл үміттің ақталмайтын түрі бар. Ал үкімет қолдауын доғартса, жағдайы тіптен қиындап кетеді. Қазірдің өзінде бұл жәрдемнің бергенін ауыз толтырып айтуға тұрмайды. 

Мейрамхана иелерінің көбі жалдау ақысынан босатса, саланы сақтап қалуға болады деп санайды. Өйткені тапқан табысы негізінен осыған кетіп жатыр. Прага қаласының басқармасы биылғы жылдың алғашқы алты айында жалдау ақысының жартысын өтейтінін мәлімдеген еді. Десе де, бұл жеңілдік тек кәсіпкерлердің жеке бір санатына ғана қарастырылған. Ал қалғандары мемлекеттік өтемақымен айналымның 8%-і мен сыртқа сатқан өнімдерінің 10%-ін жапқан. Мейрамхана иелерінің айтуынша бұл жеткіліксіз шара.

Авторлары: Александр Грэс, Павел Невид