Коронавирус қолдан жасалған деген нұсқа негізсіз – ДДСҰ

Коронавирус дүниені қайта қуырып барады.

Бір жылдың ол жақ, бұл жағында індетке тосқауыл қояр талай әрекет жасалғанмен, нәтиже аз. Ғылымы, экономикасы дамыған қуатты елдердің өзі шарасыз.

Алғашқы толқыны біраз жұртты баудай түсіріп, әлемге үрей әкелген вирустың әлі де дес берер түрі жоқ.

COVID-19 инфекциясы соңғы апталарда қайтадан өршіп кетті. Осыған байланысты әлем елдері қайтадан карантиндік шараларды күшейтіп жатыр.

Францияда коронавирустың үшінші толқынының салдары екіншісімен салыстырғанда өте ауыр өтіп жатыр. Қолда бар мәлімет бойынша қазір елдегі жан сақтау бөлімдерінде 5 мыңнан аса науқас бар. Коронавирус төңірегіндегі ахуал, әсіресе ел астанасы Парижде күрделі. Мұнда соңғы аптаның өзінде жағдайы ауыр науқас саны 10 процентке артқан. Осыған байланысты жергілікті билік қосымша 2 мың орын ашамыз деп отыр. Жалпы, Франция аумағының үштен бірінде бүгінде локдаун енгізілген. Ал дәрігерлер биліктен шектеу шараларын одан әрі күшейтуді сұрап отыр.

Жиль Пиалу, Тенон ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің басшысы:

– 1 сәуірден бастап қатаң локдаун енгізсек, үш аптадан кейін бізде жан сақтау бөлімінде 3 мыңнан аса науқас болады. Ал егер кешірек енгізсек, 4 мыңнан асып кетуі мүмкін. Ауруханаға тек коронавирус жұқтырған науқастар ғана түспейді ғой. Мәселен, онкологиямен жатқандар да бар. Жағдай ушықса, дәрігерлердің қай науқасқа бірінші көмек көрсетуі үшін таңдау жасауына тура келе ме деп қорқам.

Ал мұғалімдер кәсіподағы елдегі білім беру мекемелерін жабуды сұрады. Олар өз денсаулығы үшін алаңдап отыр. Себебі оқушылар арасында коронавирус жұқтыру көрсеткіші күрт өсіп кеткен.

Элен Давио, мұғалім:

– Бір жылда біздің мектепте 20 ата-ана коронавирустан көз жұмды. Қазір 17 сынып карантинде. Өткен аптада 160 оқушы сабаққа қатыспады. Өйткені өздері вирус жұқтырған не науқаспен қарым-қатынаста болған. Сондықтан біз биліктен қашықтан оқуға көшіруді сұрап отырмыз.

Еуропаның тағы бір елі – Испанияда коронавирусқа қарсы шектеу шаралары күшейтілді. Дәлірек айтқанда, бүгіннен бастап елде бетперде кию режимі қатаңдатылды. Енді тұрғындар бетпердені көшеде де, жағажайда да тіпті бассейнде де тағуға міндетті. Бұдан бөлек, жергілікті билік арақашықтыққа да баса мән берген. Санитарлық талаптар 6 жастан асқан балаларға да қатысты. Дей тұрғанмен, респираторлық аурулары бар азаматтар бетперде киюден босатылған. Таза ауада жаттығу жасауға да рұқсат берілді. Естеріңізге салайық, таяуда Испанияда коменданттық сағат енгізіліп, 4 адамнан артық топтасуға тыйым салынған болатын.

Ал Иранда тәуліктік антирекорд тіркелді. Елде соңғы үш айда алғаш рет бір күнде 10 мыңнан астам адамға коронавирус диагнозы қойылды. Аймақтағы эпидахуалдың ушығуына халықтың Наурыз мерекесінде қалааралық сапарға шығуы себеп болды дейді мамандар. Жергілікті шектеулер мен коменданттық сағатқа қарамастан мереке күндері тұрғындар жаппай қыдырып кеткен.

Айта кетейік, пандемия басталғалы Иранда 1 млн 900 мыңнан астам адам вирус жұқтырды. 63 мыңы көз жұмған

Можган Бабаей, жергілікті тұрғын:

– Халықтың тыныс тіршілігін көріп тұрмын. Көбі қауіпсіздікке немқұрайлық танытып жүр. Бетперде кию мен әлеуметтік ара-қашықтық сақталмайды. Тіпті көбі сақтану жайын да ойламайды.

Коронавирус Латын Америкасындағы Чилиге де қиын тиіп тұр.

Инфекцияға шалдыққан науқастардың көптігі сонша ауруханаларда оларды қабылдайтын орын жоқ. Мәйітханалар мен жерлеу қызметінің жұмысы да қауырт. Мұнда соңғы күндері әр тәулік сайын 7 мыңдай кісіден вирус табылып жатыр. Күніге 100-ге жуық адам көз жұмады. Осындай ахуалға байланысты билік марқұмдарды жатқызатын орын таппай, амалсыз емхана маңына қосымша контейнерлер қоя бастаған.

Айта кетейік, бүгінде Чили – халықты вакциналау жағынан әлем бойынша алдыңғы қатарда тұрған мемлекеттердің бірі. Осы уақытқа дейін тұрғындардың 35 порценті кемі бір доза қабылдап үлгерген.

Марио Луппи, дәрігер:

– Бізге азаматтарды қорғау механизмдерін ойластыру қажет. Мысалы, Израиль елін алып қарайықшы. Олар керемет жетістікке қол жеткізді. Қазір Израильде вирус жұқтыру дерегі жоқтың қасы деуге болады. Бұл көрсеткіш тек вакцинаның ғана арқасы емес, сақтық шараларының да нәтижесі.

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары әлі күнге дейін коронавирустың нақты неден пайда болғанын таба алмай бас қатырып келеді. Алдын ала қорытынды бойынша қауіпті инфекция адамдарға жарқанаттардан тараған. Вирус жұқтыру дерегі Уханьдағы жағдайдан әлдеқайда бұрын болды дейді мамандар. Сондықтан ковид қолдан жасалған деген нұсқа негізсіз саналып отыр. Бірақ әлемнің 14 елі ұйымның мұндай мәлімдемесіне көңілдері толмай, күмән келтіріп отыр. Әсіресе, АҚШ елі. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері зерттеу жұмысының мұнымен аяқталмағанын, оның әлі жалғасатынын айтады.