AstraZeneca: тапсырыс пен тыйым

Еуропада жаман аты шығып кеткен AstraZeneca-ға қатысты әлемдегі ресми ұстаным мен жеке пікір құбылып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл вакцинаны Испания қарияларға егуге кірісіп кетті. Мексика 1 миллион 500 мың дозасын алдырды. Ал Германия аталған екпені қолдануды шектеп, Канада егде тұрғындарға тұтынуды тоқтатып қойды. Еуропалық одақтың AstraZeneca-ны өндіруші компанияға өкпесі қара қазандай.

AstraZeneca жасы 60 пен 65 аралығындағы Мадрид тұрғындарына егіле бастады. Вакциналау науқаны қарқынды. Бір сағаттың ішінде 500 адам салдырып үлгерген.

AstraZeneca-ның қызығын мексикалықтар да көргелі отыр. АҚШ-тан аттанған ұшақ 1 жарым миллион дозаны Мехикоға жеткізді. Джо Байден қол қойған келісім бойынша тағы 1 миллион 200 мың вакцина берілуге тиіс.

Дегенмен оны өндірген британиялық-шведтік компанияға Еуропалық одақ қырын қарап отыр. Басты түйткіл – осы жеткізу ісінде.

Тьерри Бретон, ішкі нарық бойынша еурокомиссар:

– AstraZeneca-ға қатысты күрмеуі қиын мәселе көбейді. Бірінші тоқсанда біз 120 миллион доза алуымыз керек еді, бірақ 30 миллионы ғана қолымызға тиді. Осындай міндеттемелерін толық орындамайынша, Еуропадан тыс жерлерге вакцина жіберу ісіне тосқауыл қоямыз. Еуропалық одақта өндірілген екпелер экспортын қатаң бақылауға аламыз. Мұны Еуропалық комиссия да қолдап отыр.

AstraZeneca-ға қарсылық жеткізу ісімен ғана байланысты емес. Осы екпені салдырған соң бірнеше адамның қаны ұйып, жағдайы нашарлаған. Тіпті көз жұмғандар бар. Осыған байланысты Германия Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаны 60-қа толмағандарға екпеуге шешім қабылдады. Егер салдырамын деген тұрғындар болса, дәрігердің жазбаша рұқсатын алуы керек.

Йенс Шпан, Германияның денсаулық сақтау министрі:

– Әрине бұл шешім вакциналау науқанына әсер етпей қоймайды. Бізде AstraZeneca компаниясының екпесін қолданудан кейін тромбоздың 31 дерегі анықталды. Өкінішке қарай, солардың тоғызы қайғылы оқиғамен аяқталды.

Ал Канада AstraZeneca-ны 55-жастан аспаған тұрғындарға егуге тыйым салды. «Қызғалдақтар елі» вакцинаның адамның жасы мен жынысына байланысты туындайтын кері және оң әсеріне жаңа зерттеу жүргізбек. Сөйтіп бұл вакцинаға қатысты күдік көбейіп тұр. Мұның соңы қалай шешілерін әзірге ешкім тап басып айта алмай отыр.

Ернат Мелсұлы

Сондай-ақ...