Мысырда патшайымдар мен перғауындар сепкен ежелгі әтір қолданысқа қайтадан енгізіледі

Негізі бұл жоба 3 жыл бұрын қолға алынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғалымдар осы мақсатта қазба жұмыстарын жүргізіп, байырғы көсемдердің тұрмыс-тірлішігі мен сән ерекшеліктерін зерттеді. Ал бір жыл бұрын іске еріктілер қосылып, Клеопатра мен Нефертитидің әтір суларын қалпына келтіруге кірісті.

Мысырда ерекше әтір жасап шығару жобасы іске қосылып жатыр. Ғалымдардың пайымдауынша, Ежелгі Мысыр елінің көне қаласы иіссу отаны болған екен. Археологтар сұйықтықты 3 жыл бұрын ескі парфюмерлік бөтелкелердің сынықтарынан тапқан. Сол сәттен бастап жергілікті химиктер мен парфюмерлер хош иістерді қайта өндіруге кіріскен.

Суад Магдали, парфюмер:

– Ежелгі Мысырда өткір және тұрақты иістер сәнді болған. Ел патшайымдары қолданған әтірлердің құрамына даршын, кардамон және зәйтүн майы қосылған екен. Мұндай жиынтықты әзірлеуге тек кәсіби парфюмерлерге рұқсат етілетін.

Клеопатра ханшайымы табиғи афродизиак негізіндегі әтірлерді ұнатқан. Оның құрамына сандал ағашынан, лавандадан және бергамоттан жасалған хош иісті майлар кірген екен. Бұрын мамандар скипидарлы шайыр мен гальбанумды белсенді қолданған. Енді міне, әтір жасап шығарушылар ежелгі иіссуларды қайта қайтаруға талпынып жатыр.

Хафиз Вахби, «Ежелгі мысыр» институтының профессоры:

– Парфюмерия әзірлеу технологиясы бізге әлі белгісіз. Біз майлардың құрамын анықтадық. Алайда көптеген дереккөздерде патшайымға арналған бір бөтелке әтір өндірісі бір неше жыл қажет еткен екен. Сонымен қатар тұнбалар түрлі температурада өзгеріп, отқа қайнатылғандығы анықталды.

Тарихшылар ежелгі әтірді жасаудың әдісін қайтаратын болса, жаңа бренд пайда болатыны сөзсіз. Айта кетерлігі, жоба Мысырдың көне істер министрлігінде қарастырылған.

Әнел Еділқызы, Дмитрий Лукша