Францияның барлық аумағында локдаун енгізіледі

Франциядағы эпидахуалдың ушығуына байланысты енді елдің барлық өңірінде локдаун жарияланбақ. Бұл туралы осы елдің президенті Эммануэль Макрон хабарлады. 

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

- Локдаун енді елдің барлық аумағында енгізілмек. Жаңа ереже сенбіден бастап күшіне еніп, 4 аптаға созылмақ. Бүгінде Францияның барлық аудандарында вирус өршіп тұр. Індеттің таралуы күннен күнге қарқын алып барады. Ауруханаға жатқандардың саны да артуда. Сондықтан барынша сақ болуымыз керек. Әсіресе адамдармен қарым-қатынасты шектеген жөн.

Алдағы бір ай бойы тұрғындар өз үйлерінен 10 шақырымнан алыс жерге шыға алмайды. Аймақтағы азық-түлік емес дүкендер, мектептер мен балабақшалар  жабылып, халық қашықтан жұмыс істейтін болады. Оқушылар онлайн оқу форматына көшпек. Алдағы пасха мерекесіне арналған балалардың демалысы қатаң карантин режимінде өтпек. Жергілікті билік қолға алынған қауіпсіздік шаралар эпидемияның үшінші толқынын тежеуге септігін тигізеді дейді.

Айта кетейік, Францияда соңғы тәулікте 50 мыңнан астам жаңа науқас тіркелген екен. Мамандар болса аурудың шарықтау шегі әлі де алда екенін айтады.