АҚШ-та пәтер ақысын төлей алмаған тұрғындар шеруге шықты

Әлемді әбігерге салған коронавирус экономикалық, әлеуметтік қиындық әкелгені белгілі.

Осы кезде кәсібін дөңгелетіп отырған өндірушілер, сауда, бизнес қана емес пәтерін жалға беріп отырғандардың өзі табысссыз қалды. Ал үйсіз жұрт пәтер ақысын төлей алмай қиналды.

Бұл біздің ел ғана емес, әлемге тән жағдай.

Баспаналы болу – қай кезде де басты мәселе екені белгілі. Бірақ осы бір қысылтаяң кезеңде тіптен қиын болып тұр. Сондықтан болар, Испанияда үй-жайсыз жүргендер біреудің бос тұрғанын үйіне рұқсат сұрамастан қоныстанып жатыр екен.

АҚШ-тың бірнеше қаласында халық ереуілге шықты. Наразы жұрт биліктен пандемия кезінде пәтерақы төлемеуді талап етіп отыр.

Жиналғандардың айтуынша, тұрғындардың көбі нәпақасынан айырылып, пәтер ақысын төлей алмай қалған. Енді жергілікті биліктен федералды көмек мөлшерін арттыруды талап етіп отыр. Статистикаға сәйкес, Құрама Штаттарда соңғы бір ай ішінде шамамен 250 мың адам жалдап жатқан пәтерлерінен қуылған. Олардың қарызы 57 млрд долларға бағаланды. Жалға берушілердің де өкпесі қара қазандай. Олардың уәжі: үйдің ипотекасын кім төлейді? «Онсыз да бір жылдан астам уақыт бойы табыссыз отырмыз», - дейді пәтер иелері.

Доун Миллер, белсенді:

- Мен өткен жылдың наурыз айынан бері жұмыссыз отырмын. Бір жыл бойы пәтерақыны төлей алмадым. Уақытша төлемеуге рұқсат беруін сұраймыз. Қалтамда көк тиын жоқ. Пандемия аяқталып, жұмыс тапқаннан кейін ғана жағдайымыз тұрақтала бастайды.

Еуропада да жалдамалы пәтерлер төңірегінде түйткіл көп. Коронавирусқа байланысты халықаралық сапарлар мен туристерге шектеу қойылған соң қарт құрлықтың ең танымал қалаларында жалға берілетін пәтерлерге сұраныс төмендеп кеткен. Сөзімізге дәлел болсын, соңғы бір жылда Airbnb алаңы арқылы жалдауға болатын пәтерлер саны 50%-ке азайған. Осыған байланысты мүлік иелерінің көбі тығырықтан шығу үшін өз үйлерін қысқа мерзімге емес, ақшасы аз болса да, ұзақ уақытқа алып тұратын клиенттер іздеуге көшіпті.

Марио Бреглия, «Scenari Immobiliari» институтының өкілі:

- Италияда ұзақ мерзімге жалға беріліп жатқан үйлер саны қазір өте көп. Мұндай жағдай соңғы рет ондаған жылдар бұрын болып еді. Пәтер иелерінің осындай қадамға баруының себебі мынада деп ойлаймын: олар туристерге сеніп табыссыз қалғаннан гөрі, аз да болса, тұрақты түрде төлем жасап тұратын жалға алушы азаматпен жұмыс істеуді жөн көріп отыр.

Ал Бельгияда кәсіподақ мүшелері 24 сағаттық наразылық акциясын ұйымдастырды. Қоғамдық көлік пен теміржол қатынасын тұралатып, ірі сауда орындарының жұмысына кедергі келтірген олар коронавирус пандемиясынан зардап шеккен қызметкерлердің жалақысын көтеруді талап етті. «Пәтерақысын төлеу былай тұрсын, айлығымыз шайлығымызға да жетпейді», - дейді олар. Негізі бұған дейін жергілікті билік еңбек ақының көлемі жылына 0,4%-ке артатынын хабарлаған болатын. Бірақ тұрғындар мұндай айлықты місе тұтпай, жалақыны көтеру мәселесін қайта қарау керек деп шағымданды.

Марина Кунзи, кәсіподақ мүшесі:

- Ереуілге шығып отырғанымыздың себебі бар. Пандемия кезінде халық тынымсыз еңбек етті. Енді жергілікті билік пен жұмыс беруші федерациясынан жалақының көтерілуін талап етіп отырмыз. Алдағы екі жылда еңбек ақының тек 0,4%-ке артуы сезілмей де қалады. Айына бар-жоғы 6 еуроға ғана көтеріледі деген сөз. Бұл ақшаға 1 кесе кофе ғана сатып ала аламыз. Ал, бізге пәтерақысын төлеп, балаларымызды асырауымыз керек. Сондықтан жалақыны тағы арттыруға тиіс.

Ал Испанияда біреудің үйін иемденіп алғандар көбейіп кеткен. Яғни, екі қолға бір күрек таппай зар қағып жүрген, үй-жайсыз қалған азаматтар ешкімге ештеңе деместен-ақ өзгенің үйіне өз еркімен қоныстанып жатыр екен. Амалсыздан, әрине. Қолда бар мәлімет бойынша олардың саны 100 мыңға жуық. Мүлік қожайындары оларды қуып шығайын десе, машақаты көп. Өйткені Испанияда жекеменшік мүлік заңмен қорғалғанына қарамастан, іс жүзінде бос тұрған үйді «басып алғандардан» босатуға ұзақ уақыт кетеді-мыс. Кейде ол нәтиже бермей қалуы да мүмкін екен. Себебі Корольдік заңнамасына сәйкес, әрбір азаматтың баспаналы болуға құқы бар. Сондықтан үй-жайы жоқ отбасыларды бос тұрған үйден шығару көп жағдайда қиындық туғызуы әбден мүмкін.

Сондай-ақ...