Өзбекстанда коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау науқаны басталды

Іргедегі көршіміз бірінші кезекте Қарақалпақстан Республикасы, облыс орталықтары, Ташкент және де өзге ірі қалалардың тұрғындарына екпе салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал аудандар мен шағын қалаларда тұратын адамдарға екпені мамырда егу көзделсе, қалған азаматтарға препарат маусым айында салынбақ. Жалпы ала тақиялы ағайындылар қытайлық препарат пен AstraZeneca компаниясы өндірген вакцинаны қолданады. Соңғысы жақында Covax халықаралық бағдарламасының аясында Өзбекстанға жеткізілген еді. Бас-аяғы бұл мемлекетке 1,5 млн-нан астам доза әкелінді. Алдағы уақытта Өзбекстан да отандық вакцина өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр. Екпе таяу арада клиникалық сынаққа дейінгі тексерістен өтеді.

Нұрмат Отабеков, Өзбекстан санитарлық-эпидемиологиялық қызметі басшысының орынбасары:

- Біз қауіпті топқа жататындарды бірінші кезекте вакциналауды жоспарладық. Олар жасы 65-тен асқан азаматтар, медициналық қызметкерлер, созылмалы аурулары бар тұлғалар, тәртіп сақшылары, мұғалімдер, БАҚ қызметкерлері мен шет елдерде оқитын студенттер. Әзірге вакцина көлемі аз. Сондықтан екпе егу науқанын үш кезеңге бөліп отырмыз. Алдағы уақытта елге тағы вакциналар жеткізу жоспарда бар.