Оңтүстік Кореяда жұмысты тек роботтар ғана атқаратын компаниялар көбейіп келеді

Оңтүстік Кореяда жұмысты тек роботтар ғана атқаратын компаниялар көбейіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Ақылды» машиналар жүк тасымалдап, тауарларды сұрыптайды. Ақылды техникалардың мүмкіндіктерін арна тілшісі Владислав Цой көріп қайтты.

Владислав Цой, тілші:

- Бұл робот конвейерге әр минут сайын 7 қорапты көтеріп салуға қауқарлы. Нақты қай тауарды таңдау керегін 3D камера көрсетеді. Ал мына цехта екі құлтемір жұмыс істейді. Бірі стационарлық робот. Ол қажетті қораптарды жәшіктерге салып тұрса, екіншісі оларды жинап жүреді.

Ким Бен Со, инженер:

- Роботтың қуаты 4-5 сағатқа емін-еркін жетеді. Тіпті олардың тәулік бойы жұмыс істей алатын мүмкіншілігі бар. Адамдардың күнделікті жұмыс уақыты 8 сағат екенін ескерсек, роботтар бұдан 3 есе көп жұмыс істеуге қауқарлы.

Кореяда роботтар сан салада пайдаланылады. Мәселен, мынадай дәнекерлеушілер көлік құрастыратын зауыттарда қолданылады. Ал адамның артынан еріп жүретін бұл арба дәрі-дәрмектерді дәріханалардан ауруханаларға тасымалдайды екен. Ал бұл арнайы сенсорлармен жабдықталған ұшқышсыз жүретін робот жолдағы кедергілерді айналып өтуге машықтанған. Мұның бағасы Қазақстан астанасының қақ ортасында орналасқан пәтердің құнымен тең.

О Ван Ён, робот құрастыратын компанияның қызметкері:

- Бұл роботтың қуаты 12 сағатқа жетеді. Оны екі сағаттың ішінде 100 пайыз қуаттауға мүмкіндік бар. Робот адамға қарағанда баяу жұмыс істеуі мүмкін. Бірақ ол үздіксіз жұмыс істейтінін ескерген жөн.

Владислав Цой, тілші:

- Ал мына робот логистикалық компанияда жұмыс істейтін сұрыптаушыға көмектеседі. Ол қандай тауарды қай жәшекке салу керек екендігін көрсетеді. Мысалы осы қара кеспені сары жәшіктен көк жәшікке салу керек.

Бүгінде жеке компаниялардың осындай роботтармен жабдықталуын Корея Үкіметі қолдап отырғанын айтып кету керек. Осылайша, биыл көлік министрлігі 50 «ақылды» логистикалық орталық құруды көздеп отыр.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян