Израильде бір де бір елді мекен «қызыл аймақта» емес

Израиль билігі елдегі карантин шектеулердің барлығын дерлік алып тастады. Бірақ екпе салмағандарға бұл шектеулер әлі де күшінде қалады. Осылайша үкімет халықты вакцина алуға ынталандыруға ниетті.

Израильдегі бір де бір елді мекен «қызыл аймақта» қалған жоқ. Індеттің беті қайта бастағаны айқын байқалады.

Эпидемиологтардың айтуынша, бұл жаппай вакциналаудың нәтижесі. 16 жастан асқан ел тұрғындарының 80 процентіне екпе салынды, Вакцина қоры да қажетті мөлшерден асып отыр. Ауруды жұқтыру деңгейі рекордты көрсеткішке төмендеген. Елдің солтүстігіндегі ең ірі «Рамбам» ауруханасына соңғы үш тәулікте коронавирус жұқтырған науқас түспеген.

Орли Гринфельд, Израиль Денсаулық сақтау министрлігінің бөлім басшысы:

- Біз өткізген барлық зерттеулер мен бақылаулар аурудың таралуына тосқауыл қоюдың жалғыз жолы жаппай вакциналау екенін көрсетіп отыр. Соңғы мәліметтер өте маңызды болжамды растады — вакцина коронавирустың жаңа штамдарынан қорғайды.

Күн сайын елдегі шектеулер жеңілдеп келеді. Тіпті Песах мейрамы кезіне карантин жарияланған жоқ. Спорт орталықтары мен мейрамханалар, кинотеатрлар жұмыс істеп жатыр. Бірақ бұл нысандар тек екпе алған адамдарға ашық. Кіру үшін жасыл төлқұжат немесе екпе алғаны жөнінде сертификатты көрсетуі тиіс. Қоғамда бұл шараның қаншалықты заңды екені жөнінде талқыланып жатқанына қарамастан үкімет «вакциналауға ынталандырудың ең жақсы жолы осы» деп шешкен.

Лиэль Мизрахи, студент:

- Бұрынғы, қалыпты өмірге оралатынымыз керемет қой. Тірлігімізді жасап, жұмыс істеп, емін-еркін серуендей аламыз.

Ал екпе алмаған тұрғындар үшін қалыпты өмірге оралу қиынға соғатын сыңайлы. Мысалы, мейрамханаларда тағамдарды тек өзімен алып кетуі керек. Заң жағынан қарағанда мұндай шара күмән тудырады. Десе де, үкімет басқа амалымыз қалған жоқ, әлемде індеттің үшінші толқыны басталып кеткендіктен осындай шешім қабылдауға мәжбүрміз дейді. Сонымен қатар елде 12 жастан асқан жасөспірімдерге екпе салу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Десе де, балаларға екпе егуге бола ма, жоқ па, бұл жөнінде вакцина өндірушілері әлі нақты жауап берген жоқ. Қазір мектептерде оқушылар саны 15-тен аспайтын топтарға бөлінген. Ал білім министрлігі жақын арада дәстүрлі оқуға оралуға ниетті. 

Автор: Сергей Ауслендер

Сондай-ақ...