Әлемде халықты вакциналау барысы сылбыр жүріп жатыр

Өткен аптада әлемде 600 мың адам коронавирус жұқтырып, 24 мыңға жуығы көз жұмды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл эпидемиологиялық ахуалдың нашарлап бара жатқанын білдіретінін айтады. Әрине оның басты себебі вирустың тез таралып жатқан жаңа штамдары. Сонымен қоса вакциналаудың баяу жүріп жатқаны да жағдайды ушықтырып отыр дейді мамандар. Екпе салу науқаны кешеуілдеп жатқан өңірлердің бірі Еуропа. Мұнда 45 миллионнан аса адам дертке шалдыққан. Өлім-жітім көрсеткіші бір миллионға таяп қалды. Эпидемиологиялық ахуал осылай күрделеніп тұрғанда вакцинаның екі дозасын халықтың 4 проценті ғана алғаны белгілі болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері бұл өте төмен көрсеткіш екенін айтады.    

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ басшысы:

- Қазір барлық елдер үшін қиын кезең. Дерт жұқтырудың артып бара жатқанын көріп отырмыз. Дәл осындай уақытта вакциналау қарқынын арттыру керек. Сонда осал топтағы адамдар мен медицина қызметкерлерін қорғап қаламыз. Алайда өкінішке орай, кейбір елде екпе салу жұмыстары баяу жүріп жатыр.

Сарапшылар Еуропада вакциналау науқанының баяу жүруінің себебі мынада дейді: біріншіден, мұндағы жұрттың біразы «Пфайзер-Байонтек» және «Модерна» компанияларымен келісім-шарт жасасқан. Алайда олар тапсырыс көп болған соң барлық қажеттілікті өтей алмай жатыр. Салдарынан екпе жоспарланған мерзімінен кешігіп жеткізіледі. Одан бөлек қазіргі жағдайға «АстраЗенека» компаниясының вакцинасына қатысты жанжал да әсер етпей қоймады. Өйткені бұл препарат тромбоз тудыруы мүмкін деген ақпарат тарап, кейбір елдер вакциналауды тоқтатуға мәжбүр болды. Осындай келеңсіздіктерге байланысты Швеция екпе салудың ұлттық бағдарламасын қайта қарастырып жатыр. Алғашында мұнда ересектердің барлығы 15 маусымға дейін препарат алады деп жоспарланған еді. Алайда вакцина жетіспей жатқандықтан енді бұл мерзім екі айға кейінге шегерілді. Ал елдегі эпидемиологиялық ахуал күрделі. Осы ретте билік алдағы Пасха мейрамы кезінде артық жүріс-тұрысты шектеуге шақырып отыр.   

Стефан Лёвен, Швеция премьер-министрі:

- Өкінішке орай, елімізде коронавирустың таралу деңгейі жоғары. Салдарынан денсаулық сақтау саласына үлкен ауыртпалық түсіп отыр. Сондықтан Пасха кезінде сауда орталықтары, жаттығу залдары мен тамақтану орындарының жұмыс уақытына қатысты енгізілген шектеу шараларын әзірге алмаймыз. Сондай-ақ халықтан мейрамға орай бір орында көп адам боп жиналмауын сұраймыз.

Дегенмен, кейбір елдер вакциналау қарқыны бойынша жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Солардың бірі осы Еуропадағы Ұлыбритания. Азиядағы Бахрейн мен Латын Америкасында - Чилидегі көрсеткіштер де жаман емес. Осы Чилиде жаппай екпе салу ақпанда ғана басталған. Сөйтіп, бүгінде препаратты халықтың 36 проценті алған екен. Бірақ осындай жақсы көрсеткіштерге қарамастан билік босаңсуға әлі ерте дейді. Сол себепті келесі дүйесенбіден бастап мемлекет шекарасын жабатын болды.

Клаудио Кастильо, Сантьяго университетінің өкілі: 

- Коронавируспен күрестегі басты қарулардың бірі вакцина. Халыққа екпе салу жағынан біз әлемдік рейтингте жақсы орындардың біріндеміз. Соның арқасында болашақта ұжымдық иммунитет қалыптасқан елдердің алғашқы қатарынан көрінуге мүдделіміз.

Екпе демекші, саяхатшылар арасында танымал ел Таиланд билігі вакцина қабылдаған  шетелдік туристер үшін карантин мерзімін қысқартты. Жаңа ережеге сай енді екпе алған  саяхатшы 14 күннің орнына 7 күн ғана карантинде болады. Талапқа сай екпе саяхаттауға дейінгі 3 ай ішінде алынған болуы керек. Сонымен қатар Таиланд аумағына кірер алдында коронавирусты анықтайтын тесттің теріс нәтижесі де көрсетулі шарт. Дегенмен, бұл ереженің індеттің жаңа штамдары ушыққан Африка елдері үшін еш қатысы жоқ. Хорватия билігі де екпе қабылдаған шетелдік туристерге елге кіруге рұқсат берді. Бірақ біріншіден, демалушы препараттың екі дозасын да алу керек. Сондай-ақ вакцина салдырғаннан кейін кемі 2 апта өтуі шарт.

Сондай-ақ...