Түркияда бір тәулікте 40 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырды

Түркияда соңғы бір күнде 40 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырып, елде жаңа антирекорд орнады.

Бұл туралы осы елдің Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Індет ілмегіне әсіресе, Ыстамбұл, Анкара мен Измир қалаларының тұрғындары көп ілінген.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркияда күн өткен сайын індет өршіп барады. Денсаулық сақтау министрлігінің сөзінше, бұған елдегі мутацияға ұшыраған вирус себеп. Соның ішінде бірер ай бұрын тіркелген «британия» штамы 81 провинцияға тарап кеткен. Қазірде індеттің тез жұғатын түріне 180 мыңнан астам адам шалдығыпты. Бұл елдегі ковид жұқтырған науқастардың 75%-і. Бұдан бөлек, Анадолыда Оңтүстік Африка, Бразилия мен КолифорнияНью- Йорк штамы да жиі кездеседі.

Қауіпті індетті жұқтырғандардың дені Ыстамбұлда орналасқан. Шаһарда ақпан айынан бері жұқтыру дерегі 6 есеге, ал соңғы аптаның өзінде екі есе өсіпті. Дегенмен, Ыстамбұлдың санитарлық комитеті қауіп деңгейіне қарамастан ағымдағы күндерде бірнеше ай бойы жабық тұрған бассейндер мен спорт алаңдарын қайта ашты. Сонымен қатар интернет-кафелер, бильярд залдары мен хамамдардың жұмысына рұқсат берді. Бұл жағдай жергілікті басылымдарда жиі жазылып, қоғам пікірі қақ жарылды.

Ержан Демирел, Ыстамбұл тұрғыны:

- Сақтықпен ғана індетті жеңеміз. Карантин ережелерін ерте жеңілдетті деп ойлаймын. Үйден жалыққан халық бірден сыртқа шықты. Ыстамбұлда да кейбір қоғамдық жерлерді ашпай тұра түру керек еді. Денсаулықтан асқан байлық жоқ қой!

Беру Сыңар, Ыстамбұл тұрғыны

- Ыстамбұлдың табыс көзі туризм. Сондықтан спорт залдары мен харамның ашылуы орынды шешім. Тек карантин талаптарын жіті орындау қажет. Жаңа нормаға үйренетін кез келді.

Бірер күн бұрын Түркияда карантин ережелері қатаңдап, бұған дейін алынып тасталған сақтық шаралары енгізілді. Тіпті Рамазан айында сәресі мен ауызашарды топтасып өткізуге тыйым салынып, демалыс күндеріне арналған коменданттық сағат режимі қайта басталды. Түрік үкіметі сақтық шаралары мен екпенің арқасында маусым айында елде эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталанына сенімді.