433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Британия халқының тең жартысының ағзасы COVID-19-ға төзімді

  • 92
  • UPD: 17:28, 03.04.2021

Бұл инфекция жұқтырудан кейін немесе коронавирусқа қарсы иммундау нәтижесінде пайда болған дейді мамандар.

Қазір корольдікте вакцинаның алғашқы дозасын ересектердің 60% алып, вирустың тарауы мен өлім деңгейі төмендеп келеді.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Ұлыбританияда отыз бір миллионнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын, ал төрт жарым миллионнан астамы екіншісін алып үлгерді. Мұндай өте ауқымды иммундау бағдарламасы елде бұрын-соңды болмапты. Күн сайын орта есеппен үш жүз мыңға жуық адам вакцина қабылдап жатыр. Бұл наурыз айының ортасындағы қарқынмен салыстырғанда аз. Себеп - жаңадан келген дозалардың сапасы ұзағырақ тексеріліп, Үндістаннан жеткізілетін вакциналар кешігуде. Бұған қарамастан, үкімет ересектердің барлығына шілде айының соңына дейін екпе егіледі деп сендіреді. Осылайша, Ұлыбритания әлемдегі вакцинациялау бойынша озық елдердің қатарына еніп отыр.

Мэтт Хэнкок, Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі:

- Біріккен корольдіктегі ересек адамдардың жартысына екпе еккендігіміз туралы қуана хабарлағым келеді. Бұл үлкен жетістік және бұған қатысы бар адамдарға алғысымды білдіремін. Вакциналау - біздің пандемиядан шығуымыздың бірден-бір жолы.

Қазір жергілікті халық америкалық Pfizer-BioNTech және британдық AstraZeneca екпелерін қабылдап жатыр. Бірақ жақында соңғы препараттың жанама әсері анықталды, 30 адамның ағзасында тромбоз түзілді. Өткен аптада осындай 5 жағдай тіркелген болатын. Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің хабарлауынша, халықтың басым көпшілігі вакцина жайлы оң пікірде.

БЛИЦ:

- Мен екпенің екі дозасын да қабылдадым. Бастапқыда басым ауырды, бірақ қазір жақсымын.

- Менің ойымша, Ұлыбритания алғашқылардың бірі болып, вакцинаны мақұлдағаны дұрыс болды. Қазір жемісін көріп жатырмыз.

Бүгінгі таңда кеселді жұқтыру көрсеткіштері 28 процентке төмендеді дейді ресми деректер. Еуроодақ елдерімен салыстырғанда Ұлыбританиядағы коронавируспен ауырғандар саны әлдеқайда төмен. Бірақ премьер-министр Борис Джонсон арқаны кеңге салу әлі ерте дейді, індеттің жаңа толқыны корольдікті қайта жалмауы әбден мүмкін. 

Борис Джонсон, Ұлыбританияның премьер-министрі:

- Францияда не болып жатқанын көріп отырған шығарсыздар. Шындығын айтқанда, бұл өте қайғылы жағдай. Індеттің қайта өршігені қатты қынжылтады. Соңғы жылда көрген тәжірибемізге сүйенсек, Францияда болған жағдай бізге 2-3 апта кешігіп келеді.

Ұлыбританияда соңғы уақытта шекарадан кесіп өтетіндерге ковид-төлқұжаттың керектігі туралы көп айтылып жүр. Пандемиямен күресте нәтиже көрсетуіне байланысты елдер жасыл, қызғылт сары және қызыл түстерге бөлінуі мүмкін. Қызыл түспен белгіленген мемлекеттерге баруға тыйым салынады. Ал ол жақтан келгендер өз есебінен карантиндік қонақ үйлерде оқшаулануы керек. АҚШ пен Израиль жұқтыру қаупі төмен елдердің тізіміне кіруі ықтимал, өйткені оларда вакциналау қарқынды жүріп жатыр.

Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы