430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грузия инвестициясыз қалуы мүмкін

  • 83
  • UPD: 10:55, 04.04.2021

Грузияда ұлттық валюта құлдырады. Ұлттық банк пен ел үкіметі былтырдан бері лари бағамын мейлінше ұстап келген еді. Алайда жиналып қалған сыртқы қарыз бен еуропалық серіктестердің сенімсіздік танытуынан гүржі елі жаңа инвестициясыз қалуы мүмкін.

Грузияның ұлттық валютасы барған сайын құлдырап барады. Соның салдарынан елде азық-түлік қымбаттады. Бұған сатушылар да, сатып алушылар да наразы. Бірі тауардың қымбаттығына шағымданса, бірі «сауда жоқ» деп налиды. 

Иамзе Гарибашвили, сатып алушы:

- Азық-түлік қымбаттап жатыр. Онсызда отбасымыздың табысы аз еді. Дүкен, базарларда 200-250 лариге сауда жасайтынымызды қайтейін, үйге көтеріп келетініміз шағын ғана пакет.

Этери Джанелидзе, сатушы

- Тамақтың бағасы өте өсіп кетті. Сәйкесінше сатып алушылар саны да азайды. Ал доллар бағамының көтерілуімен жағдай одан да нашарлай түседі деп отырмыз. 

Мамандардың айтуынша, ұлттық валюта бағамының құнсызндануына бірнеше себеп бар. Олар: коронавирустың үшінші толқыны, түрік лирасының құлдырауы мен ұзаққа созылып кеткен саяси дағдарыс. Осыған байланысты болашақ жайлы болжам көңіл көншітпейді.

Георгий Мжаванадзе, ISET Policyinstitute аға зерттеушісі:

- 2021 жылы жағымды ештеңе болмайды. Халықты вакциналау қарқынының төмен болуына байланысты еліміз туризмнен түсетін табыстан қағылады. Ал саяси дағдарысқа келер болсақ, алдағы уақытта қандай да бір ілгерілеу болады деп ойламаймын. Осыған байланысты лари не қазіргі деңгейінде қалады, не әрі қарай құнсыздана береді. 

Негізі лари өткен жылы құлдырай бастаған. Себебі дәл қазіргідей төмен бағам 2020 жылдың 27 наурызында тіркелген еді. Бірақ кейін жағдай біршама түзелген болатын. Себебі сол кезде Грузияның ұлттық банкі аукцион арқылы 800 миллион долларды сатты. Ал биылғы жылдың алғашқы 3 айында тағы 200 миллион долларды сатылымға шығарды. Бұған қоса пайыздық мөлшерлемені 8-ден 8,5 процентке көтерді. Соған қарамастан сарапшылар мұндай шараның жағдайды жақсартуға жеткіліксіз екенін айтады. Коронавирус пен саяси дағдарыс секілді ішкі мәселелер шешілмейінше нарықта тұрақтылық орнамайды дейді олар. 

Авторлар: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы