Үндістан коронавирусқа қарсы вакцина экспортын тоқтатты

Үндістан билігі өзімшіл әрі кәсіби білігі төмен деп айыпталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған ресми Нью-Делидің көрші елдермен арадағы келісімге қарамастан, ковидке қарсы дәріні жеткізу ісін тоқтатуы себеп.

Үнді билігі препаратты экспорттауды қысқартып, ел азаматтарын жаппай вакциналауға баса мән бермек. «Мұндай шешімге біреу қуанса, енді бір ел бұл әрекет ел абыройына нұқсан келтіреді», - дейді.

Наурыздың басында үнді билігі ковидке қарсы отандық вакцина әлемдегі ең тиімді препарат деп жұртқа жар салған еді. Артынша әлемнің 70-ке жуық мемлекеті кезекке тұрып, бірінен соң бірі аталған дәріге тапсырыс бере бастады. Сол кезде Үндістан ешкімді құр алақан қалдырмайтынын айтып, препаратты бәріне жеткізіп беруге уәде берген еді. Тіпті қайырымдылық бағдарламасы арқылы Ауғанстан, Пәкістан, Мьянма мен Сейшелге де экспорттау жоспарда бар екенін жеткізді. Алайда ақыр соңында тапсырыс берушілердің бір бөлігі ғана препаратқа ие болды. Қалғандары күтуге мәжбүр. Кемі мамырға дейін.

Сонам Арджун, Фармакологиялық компанияның экспорт бөлімінің директоры:

- Келісімшартқа отырмас бұрын біз өзіміздің әлеуетіміз бен серіктестеріміздің қажеттіліктеріне қатысты талдау жасалғанына сенімді болдық. Қазір фармакологиялық компанияларда вакцинаның миллиондаған дозасын сатып алу бойынша келісімдер жатыр. Мемлекеттер біздің вакцинаны алуға асық. Бірақ кей елдермен келісімді үзуге мәжбүрміз. Оған түсіністікпен қараған жөн. Себебі әр ел өз азаматын қорғауға тырысады. Бірақ бизнесте бұлай істеуге болмайды. Ол мекеменің беделіне нұқсан келтіреді.

Үндістан билігі коронавирусқа қарсы дәріні өзге елдерге жеткізуді тоқтатпайды. Тек шетелге шығарылатын препарат санына шектеу қойяды. Нью-Делидің мұндай шешімі кей елдерге айтарлықтай әсер ете қоймаса, енді бірі келісім бұзылды деп шағымданып жатыр. Әсіресе, Бутан мен Сейшел аралдары.

Абхишек Каиф, Нью-Дели медицина университетінің аға оқытушысы:

- Үндістанда жағдай тұрақталмайынша, вакцина шетелге шығарылмайды. Өйткені ел ішінде дәріге мұқтаж азаматтар өте көп. COVAX бағдарламасына қатысып жатқан мемлекеттерге препарат кешеуілдеп жетуі немесе мүлдем жеткізілмей қалуы мүмкін екенін түсінеміз. Бірақ Үндістан вирус жұқтыру көрсеткіші бойынша әлемде екінші тұрғанын ескеру қажет. Мұндай жағдайда ешқандай ымыра болмайды.

Бүгінге дейін Үндістан әлемнің 76 еліне ковидке қарсы препараттың 60 миллионнан астам данасын жеткізген. Бұдан бөлек, COVAX бағдарламасы аясында 200 миллиондай вакцина берген. Препаратты жеткізуді бұрынғы қалыпқа келтіру үшін Үндістан енді халықты жаппай вакциналауды үдете түспек. Осыған байланысты келер аптадан бастап елдің ірі қалаларында екпе салу бекеттерінің саны артады. Жедел бригадалар қатары да екі есеге ұлғаяды.

Авторлары: Михаил Зейфман, Дмитрий Лукша, Анастасия Левитан, Устад Рахман