Өзбек-қырғыз шекарасында ешбір даулы жер қалған жоқ

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін егемендікке жеткен Орталық Азия мемлекеттерінің көбісі 30 жыл бойы жер дауын шеше алмай келеді. Әсіресе Фергана аңғарындағы жағдай күрделі. Бұл туралы «Әлем» бағдарламасында толығырақ айтылады.

Аймақтағы ең құнарлы саналатын бұл өңір кезінде Қоқан хандығының құрамында болған. Халық тығыз қоныстанған Фергана аңғарында өзбек, тәжік пен қырғыздар аралас тұрады. Ал Кеңес одағы құрамында бұл халықтардың республикалары құрылғанда әрқайсысында жан-жағынан өзге мемлекет аумағы қоршаған анклавтар пайда болды. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін бұл мәселе ушығып кетті. Шекаралары нақты белгіленбегендіктен, егістерін суару мен мал жайылымдарына қатысты жиі қақтығыстар болып тұрады. Соңғы он жылда осындай 150 оқиға тіркелді. Тіпті адам қазасына әкелген жанжалдар болған.

Марат Иманкулов, Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы төрағасы:

– Шекараны делимитациялау мен демаркациялау мәселесін мұндай жолмен ешқашан шешпейміз. Иә, бұрынғы билік бұл проблеманы ұзақ мерзімге қалдырған. Кеңес одағы ыдырағанда, ізін суытпай шешу керек еді. Сол қолайлы сәтті жіберіп алдық, алайда мәселені шешуге әлі де кеш емес.

Мирзиёев билікке келгеннен кейін Өзбекстан көрші елдермен шекара мәселесін реттеуге үлкен көңіл бөле бастады. Биыл қаңтар айында Душанбеде шекараны демаркациялау бойынша Тәжікстан пен Өзбекстан жұмыс топтарының келіссөздері өтті. Нәтижесінде қос тарап бірлескен дала жұмыстарын жүргізу кестесін қабылдап, ай сайын кездесулер өткізуге келісті. Ал 25 наурызда Ташкентте Өзбекстан мен Қырғызстанның үкіметтік делегациялары шекарасын межелеу жөнінде хаттамаға қол қойды.

Камчыбек Ташиев, Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы:

– Өзбек-қырғыз шекарасында ешбір даулы жер қалған жоқ. Бәрі бітті. Біздің тарапқа Көксерек ауылы 105 гектар жер, Алабұға ауданында 212 гектар, Қарасу ауданында 105 гектар, тағы екі ауданда 60 гектар жер жазылды.

Көп ұзамай, бірінші сәуірде қос ел шекарасында ұзақ уақыт жабық болған жол ашылды. Енді Қырғызстанның Баткен облысында орналасқан Өзбекстанның Сох анклавына төрт есе тез жетуге болады. Бұл елді мекенде 60 мың адам тұрады.

Хайрулло Бозоров, Фергана облысының әкімі:

– Бұл – біздің Ферғана облысы үшін маңызды оқиға. Бұрынғы шектеулер алынып тасталады. Өзара байланыс ашылады.  Азаматтар емін-еркін қатынай алады. Осындай өзгерістерге екі президенттің саяси шешімі негіз болды.

Енді Қырғызстан билігіне Тәжікстанмен жер дауын реттеу керек. Екі ел арасындағы 970 шақырым шекараның тек 519 шақырымы демаркацияланған.

Айта кету керек, Қазақстан көрші елдердің барлығымен шекараларын межелеген болатын. Кеңес одағы құрамында болған республикалардың көбісі әлі күнге дейін шекара мәселелерін аяғына дейін шешкен жоқ.