Джордж Флойдтың өлімі: офицер 40 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

2020 жылдың мамыр айында болған Джордж Флойдтың өлімі әлем назарын Америка Құрама Штаттарына аударған еді.

Сол сәттегі жан түршігерлік видеоның таралуы халықтың ашуын тудырып, жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқанын да білесіздер. Содан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де, тергеу жұмыстары әлі жалғасуда. Бұл туралы «Әлем» бағдарламасында айтылды. Ал осы аптаның басында Джордж Флойдтың өліміне тікелей жауапты деп айыпталған бұрынғы полиция қызметкерінің сот отырысы басталды. Бір аптаға созылған сот процесі жайлы АҚШ-тағы тілшіміз Талғат Алманов тарқатсын.

Миннеаполис полициясының бұрынғы офицері екінші және үшінші деңгейлі кісі өлтіру және абайсыз кісі өлтіру баптары бойынша айыпталуда. Сот процесінің алғашқы аптасы өте тартысты өтті деуге болады. Айыптаушы тарап өзінің кіріспе сөзінде Джордж Флойдты тұтқындау сәтін қайта қарап, полиция офицерлерінің қатыгездігін ақтауға болмайтынын көрсетті. Қазіргі видеодан екі қолы кісенделіп, жерде жатқан Джордж Флойдтың полиция өкілдерінен оны өлтірмеуін өтініп жатқандығын аңғаруға болады. Сот отырысындағы куәгерлердің осы оқиғаға қатысты айтқан пікіріне назар аударайық.

Чарльз МакМиллан, куәгер:

– Оның дем ала алмай жатқандығы анық көрінді. Аузы көбіктеніп, қиналып жатып көмек сұрады. Мен және өзге де куәгерлер тізесімен басып тұрған офицерге «ол дем ала алмай жатыр ғой» деп айттық. Алайда ол офицер бізге «ол сөйлеп жатыр емес пе, демек дем ала алады» деп жауап берді. Мен байғұсқа мүлдем көмектесе алмадым.

Айыпталушының адвокаты Эрик Нельсон сот алқасын бейнежазбаға ғана емес, өзге де айғақтарға назар аударуға шақырды. Мәселен, Флойдтың жүрек ауруы және есірткі қабылдағаны да ескерілуі керектігін алға тартты. Сонымен қатар куәгерлердің ашу-ызаға берілгендерін немесе полиция офицерлеріне дауыс көтергендерін қайталап жіті сұрауға тырысты. Яғни қорғаушы тараптың айтпағы: ашуға берілген куәгерлердің іс-әрекеті полиция офицерлерінің шамадан тыс күш қолдануға мәжбүр етуі мүмкін еді дегенге саяды.

Адвокат:

– Оқиға орнында куәгерлер офицерлердің тарапына дөрекі сөздер қолданды ма? Және де сіздің дәл сол сәтте ашуға берілгеніңіз рас па?

Куәгер:

Дөрекі сөздердің айтылғанын жасырмаймыз, бірақ көз алдымызда адамды жазықсыздан жазықсыз өлтіріп жатса, не істеуіміз керек. Мен өрт сөндірушімін және де көмекке мәжбүр болып тұрған адамды анықтай аламын. Ал Джорджқа сол көмек керек еді. Офицердің ауыр салмағының нәтижесінде ол тұншығып қалды емес пе?

Қорғаушы тарап полиция қызметкерлерінің өміріне қауіп төнгенде, кез келген үлгідегі күш қолдануға мәжбүр екендігін жеткізуге тырысты. Яғни олардың физикалық дайындықтары, күш қолдану техникалары талқыланды. Алайда Дерек Чавеннің полиция бөлімінде талай жылдар бойы департамент басшысы болып жұмыс істеген әріптесі жерде жатқан, оның үстіне кісен салынған адамға негізсіз күш қолданудың ешқандай қажеттілігі жоқ екендігін айтты. Және де Чавеннің бұл әрекетін ашық түрде сынға алды.

Ричард Циммерман, Миннеаполис полициясының ардагері:

Джорджтың мойнынан салмақпен басу немесе жерге жатқызудың түк те қажеті жоқ еді. Ол жерде жатты. Полиция офицерлерінің не себепті өміріне қауіп болды деуі мүлдем түсініксіз. Біздің жұмыста күдіктінің қолына кісен салған сәттен бастап оның өмірі мен өліміне тікелей сіз жауаптысыз.

Дерек Чавеннің ісі бойынша сот процесі әлі де екі аптаға дейін созылуы мүмкін. Егер оның кінәсі дәлелденсе, бұрынғы офицер 40 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ. Ал Джордж Флойдтың өліміне қатысы бар өзге де үш офицердің сот отырысы тамыз айында өтетін болады.