Суэц каналындағы оқиға: Египет 100 миллион доллар шығынға батқан

Суэц каналындағы оқиғадан келтірілген материалдық шығын 1 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Толығырақ «Әлем» бағдарламасында.

Канал әкімшілігінің өкілдері осылай деп отыр. Олар бұл сомаға кемені қайраңнан шығару операциясына кеткен шығындар да кіретінін айтады.

Естеріңізде болса, наурыздың соңында Еver Given алып кемесі Суэц каналында таяз жерге тұрып қалып, жер бетіндегі ең маңызды сауда жолдарының бірін бөгеп тастады. Оны қайраңнан шығару операциясы бір аптаға созылған. Мысыр билігі тергеу жұмысын жүргізіп жатыр. Олар оқыс оқиғаға кеменің капитаны жауапты деп, су көлігінің иесінен өтемақы талап ететіндерін айтады. Өйткені төтенше жағдай кесірінен Египет Араб Республикасы 100 миллион доллар шығынға батқан екен. 

Маркус Бейкер, теңіз арқылы жүк тасымалдау компаниясының басшысы:

– Бұл жағдай жаһандық деңгейде тауарды жеткізу тізбегінің қаншалықты әлсіз екенін көрсетті. Суэц каналы өте маңызды күре жол саналады. Ол – әлемдегі екі негізгі арнаның бірі. Олардың жабылып қалуы дүниежүзілік саудаға айтарлықтай әсер етеді. Өйткені әлемдегі барлық тауардың 90 проценті теңіз арқылы жеткізіледі. Сол үшін өте маңызды.