Әлем елдері карантин шараларын күшейтті

Әлем елдерінде карантин режимі қайта қатаңдатыла бастады. Бүгінде Үндістандағы эпидахуал ушығып тұр. Еуропадағы жағдай да көңіл көншітпейді. Пасха мерекесіне орай Еуропада да шектеу шаралары күшейтілді. Халықтың қала аралық қозғалысына тыйым салынды. Мәселен кәрі құрлықтың бірнеше елінде ауруға шалдыққандардың қарасы қалың.

Бүгіннен бастап коронаиврус індеті дендеп тұрған Үндістанда карантин қайта күшейтілді. Екі апта бұрын тәулігіне 23 мың науқас тіркелсе, соңғы тәулікте 93 мыңнан астам адам індет жұқтырған. Жергілікті билік Махараштра штатындағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты коменданттық сағат енгізіп, демалыс күндері толық локдаун жариялады. Аймақтағы барлық сауда орындары, кинотеатр, бар, мейрамхана мен мәдени орталықтар жұмысын тоқтаты.

Свапна, жергілікті тұрғын:

- Биліктің бұл шешімін толық құптаймын. Тәртіпке бағынуымыз керек. Елде вирус желше тарап барады. Оны тоқтатудың амалын табу керек. Талаптарды бұлжытпай орындасақ қана қалыпты өмірге ораламыз. 

Жапонияның бірнеше ауданында да шектеу шаралары қатаңдатылып жатыр. Бұған аймақтағы науқас санының артуы себеп. Токиода өтетін Олимпиада ойындарына 4 айға жуық уақыт қалды. Билік өкілдері жағдайды тұрақтандыру үшін тиісті шараларды қазірден бастап қолға алу керек дейді. Жаңа тәртіпке сай қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы шектелді. Халыққа топтасып жиналуға тыйым салынды. 

Ючиро Нагасе, мейрамхана иесі:

- Кейде келушілер бізді түсінбейді. Ерте жабылып жатсақ ренжиді. Бірақ біз тәртіпке бағынуымыз керек. Әрине оңай емес. Карантиннің енгізілуі қалтамызды қағып тұр.

Коронавирустың үшінші толқыны ушығып тұрған Еуропада да Пасха мерекесі кезінде локдаун жарияланып, біраз шектеулер күшіне енді. Италия билігі елде жалпыұлттық карантин енгізді. Талапқа сай халық аса қажеттілік болмаса үйлерінен шыға алмайды. Өзге елден келгендер 5 күн бойы оқшаулануы керек. Биліктің бұл шешімі итальяндардың көңілінен шықпай тұр. 

Таяуда Германия президенті де алдағы уақытта қатаң карантин енгізілуі мүмкін деп ескертті. 

Милан тұрғыны:

- Еуропаның өзге елдеріне саяхаттауға болады, неге Италияның ішінде саяхаттауға болмайды? Санитарлық ережелер сақталса болды емес пе? Өз басым мұнымен келіспеймін. Сондықтан мерекені өзге жерде атап өтемін.

Франк-Вальтер Штайнмайер, Германия президенті:

- Халық пен биліктің арасында сенім болуы керек. Әркім өз міндетін мінсіз атқарғаны дұрыс. Қауіпсіздік үшін қолға алынған шаралар орындалады деп сенемін. Әр азамат саналы түрде жауапкершілікті мойнына алып, аурудың өршуіне жол бермеуі керек.

Франциядағы эпидахуал да мәз емес. Ел президенті Эммануэль Макрон 4 аптаға локдаун жариялады. Аймақтағы барлық 19 ауданда кешкі сағат 19:00-ден кейін коменданттық сағат енгізілді. Тұрғындар себепсіз 10 шақырымнан артық жерге сапарға шыға алмайды. Барлық балабақшалар мен мектептерге уақытша қара құлып ілінді.