Әлемде туризм саласы қашан жанданады?

Әлем елдері пандемиядан тығырыққа тірелген туризм саласын қайта қалпына келтіруге талпынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаһанды жайлаған індеттен саяхат саласы біраз шығынға батты. Салдарынан көптеген елдің экономикасы құрдымға кетті. Қазір Ұлыбритания, Таиланд, Австралия мен Индонезия саяхатшыларды тарту үшін түрлі шараларды қолға алды.

Австралия мен Жаңа Зеландия халқы сәуірдің 19-ынан бастап екі ел арасында емін-еркін қатынай алады. Билік өкілдері аймақтағы туризм саласын қайта жандандыруға ниетті. Сапарға шыққандар карантинде отырмайды, алайда қолдарында ковидке қатысты тест нәтижесі болуы шарт. 

Дженнифер Катлер, жергілікті тұрғын:

– Бұл барлығымыз үшін жағымды жаңалық болды. Австралия аумағынан шыға алатынымызға қуаныштымыз. Онсыз да бір жылдан астам уақыт саяхаттай алмай отырдық.

Коллин Перильо, жергілікті тұрғын:

– Бұрынғы тыныс-тіршілігімізге біртіндеп орала бастаған сияқтымыз. Әлемнің өзге елдеріне қарағанда біздегі эпидемиологиялық ахуал көңіл көншітеді. Бастысы шектеулерді біртіндеп жеңілдету керек. Еуропа елдері тым ерте шекарасын ашты. Сондықтан кәрі құрлықта ауру қайта өрши бастады деп ойлаймын.

Саяхатшылар үшін танымал Таиландтың Пхукет аралында 1 шілдеден бастап туристер үшін жеңілдіктер қарастырылды. Жаңа ережеге сай екпе салдырған шетелдік демалушылар карантинде отырмайды. Алдымен аймақтағы 500 мыңға жуық жергілікті тұрғынға вакцина егу керек. Осы арқылы мамандар ұжымдық иммунитет қалыптастыруды көздейді. Әзірге саяхатшылар 7 күн карантинде отырады. Мұның өзі – жеңілдетілген талап. Тұрғындар туризм қайта жанданады деп қуанса, енді бірі керісінше денсаулығы үшін алаңдап отыр. Ал Пхукет билігінің үміті зор. Болжам бойынша 2021 жылдың үшінші тоқсанында аралға кемі 100 мыңға жуық турист келуі тиіс.

Пияпонг Човонг, Пхукет вице-губернаторы:

– Жақында шаһарды туристер үшін ашамыз. Егер 70-80 процент ұжымдық иммунитет қалыптасса, қорықпай меймандарға қызмет көрсетуге болады. Әрине олардың барлығы коронавирусқа қарсы екпе қабылдауы керек.

жергілікті тұрғын:

– Шыны керек, қорқамын. Шетелдіктерді қабылдау үшін арал тұрғындарының бірі қалмай вакцина салдыруы керек. Сонда ғана алаңдамасақ болады деп ойлаймын.

Ұжымдық иммунитетті Индонезия билігі де қалайды. Көпшілікке танымал әрі туристер көп келетін Бали аралында жаппай вакцинация науқаны бір ізге қойылды. Қазір он мың тұрғынға екпе егілді. Арасында егде жастағылар көп. Жоспар бойынша мамырдың соңына дейін тағы 3 млн-ға жуық адамға вакцина салынады. Мамандар ұжымдық иммунитет жазда пайда болады деп топшылайды.

Туризм тежелген Біріккен корольдікте де саланың тамырына қайта қан жүгірту үшін бірнеше шаралар қолға алынды. Жоспар бойынша мамыр айының ортасына қарай халықаралық қозғалыс қайта жанданып, аймаққа ағылған саяхатшылар легі артуы керек. Қазір тұрғындар аптасына екі мәрте тесттен өтіп, жаппай вакцина қабылдап жатыр.