Табиғаттың тосын мінезі әлем елдерін әбігерге салды

Индонезияда мамандар алапат су тасқыны салдарымен күресіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы дерек бойынша, 130 адам қайтыс болған. Із-түзсіз жоғалғандар да көп. Ресейді көктемгі тасқын әбігерге салды. Ал өткен аптада ауа температурасы 24 градусқа дейін көтерілген Бельгияда күн суытып, қар жауды.

Индонезияда су тасқынынан зардап шеккен өңірлерден 24 мыңға жуық тұрғын эвакуацияланған. Мамандар қауіп әлі сейілген жоқ дейді. Олар табиғат апаты тағы да қайталануы мүмкін екенін ескертеді. Сол себепті президент эвакуация жұмыстарын жылдамдатуға шақырды. Соңғы дерек бойынша, топан судан 28 мыңға жуық адам жапа шеккен. 4 жарым мыңнан аса үйге нұқсан келді. 294 гектар егіс алқабы бүлінген. Билік табиғат апатынан зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төленетінін айтады.

БЛИЦ:

– Біздің үйіміз биік жерде орналасқан. Сондықтан шатырға шығып, құтқарушыларды сол жерде күттік.

– Қолымызға ілінген заттарды ғана алып үлгердік. Қайтеміз енді? Ол жай дүние ғой. Бәрінен де адамның өмірі маңызды.

Ресейде де жағдай ушығып барады. Биыл қыста рекордтық мөлшерде қар жауды. Салдарынан қазір жергілікті өзендерде су деңгейі күрт көтеріліп барады. Көрші елдің 24 өңірінде жолдарды су шайып, 20 шақты елді мекенмен қатынас үзілді. Әсіресе Иркутск облысында ахуал күрделі.

Владимир Раздобудко, жергілікті тұрғын:

– Су тез көтеріліп жатыр. 20 минут бұрын сыртқа шыққанымда, су болмаған еді. Қазіргі жағдайды өздеріңіз көріп тұрсыздар.

Ал Бельгияда қар жауды. Өткен аптада ғана ауа температурасы 20 градустан жоғарылаған еді. Алайда күн күрт суытқан. Ұлыбритания мен Германияда ұқсас жағдай. Мұнда да күн суытып, көктем ортасында қар жауды.

Жұлдыз Атагельдиева, Зәуреш Байгелова