Перуде дәрігерлер шеруге шықты

Перу астанасы Лимада медицина қызметкерлері шеруге шықты.

Ақ халаттылар биліктен жалақы көлемін арттырып, жұмыс орнындағы жағдайды жақсартуды талап еткен. Елде коронавирус індетінің екінші толқынымен күрес кезінде үлкен қиындықтар пайда болған. Жансақтау бөлімдерінде медициналық құрал-жабдықтар мен төсек орындары жетіспейді. Наурыз айында Перуде індеттен күніне 200 науқас қайтыс болып, өлім-жітім 2 есе өскен. Осылайша өткен ай ковид-19 басталғалы құрбандар ең көп тіркелген мерзім болған. 

ГодофредО Талавера, медициналық федерацияның президенті:

- Апта сайын 8 жарым мың адамның өмірі қиылды. Науқастарды емдеу үшін лайықты жағдай жасалып отырған жоқ. Хал үстіндегі адамдарға оттегі жетіспей жатыр. Вакциналар да тапшы.

Венесуэла астанасы Каракаста да дәрігерлер бас көтерді. Олар ковидке қарсы екпелердің жетіспей жатқанын айтып, ашынған. Наразы топтың айтуынша, бұл елде екпе тапшылығынан медицина қызметкерлерінің өздері көз жұмып жатыр. Белсенділер қоқыс қаПтарын құрбандардың мәйіті деп көрсетіп, үкімет назарын аударуға тырысқан.

Джесус Мендоза, белсенді:

- Бізге вакциналаудың шұғыл әзірленген жоспары керек. Медициналық жәрдем алу - конституция бойынша ел азаматтарының басты құқығы. Тым құрығанда осыған қолымыз жетпей жатыр.

Сондай-ақ...