Колумбияда ковид екінші рет жұққан 104 жастағы әжей жазылып шықты

Колумбияда 104 жастағы әже коронавирусты екінші рет жұқтырып, қатерлі індетті жеңіп шықты.

Жасы ғасырдан да үлкен апаны аурухана қызметкерлері тік тұрып, ерекше қошеметпен шығарып салды. Кармен Эрнандез жаман індетті былтыр маусым айында жұқтырған еді. Биыл ақпанда вакцина салдырған ол дәл 8 наурызда ковид-19-ға қайта шалдықты. Кейуана 25 жылдан бері қарттар үйінде тұрады. 

Джина Гомез, қарттар үйінің медбикесі:

- Ол екінші рет жұқтырса да коронавирусты жеңіп шыққан ерік-жігері ерекше жаратылған науқас. Алғашқы ауырған кезде әже қарттар үйінде оқшау емделген еді. Бұл жолы емханада болды. Мықтылығын көрсетті, вирусқа дес бермеді.

Йамит Ноу Хуртадо, аурухана менеджері:

- 104 жастағы науқас 21 күн ем қабылдады. Ғалымдар тобы мен тыныс алу ауруларын емдейтін дәрігерлер бірлесе отырып, тамаша жұмыс атқарды. Әже аман-есен үйіне қайтты.