Техас билігі вакцина паспортынан бас тартты

Ковид-19 пандемиясы күнделікті өмірімізге өзгеріс әкелгені белгілі. Жұмыс істеу, сабақ оқу, саяхаттау, қала берді достарыңмен бас қосудың өзі бұрыңғыдан өзгеше. Осы орайда көптеген салалардағы қызмет көрсету түрлері пандемия жағдайында жаңаша форматқа көшіп жатыр. Солардың бірі вакцина алғаныңызды растайтын жаңа құжат. Мұндай электронды құжат бүгінде Америка Құрама Штаттарында қолданысқа енгізілген.

Бұдан былай Нью-Йорктағы Бродвей шоуға, Метрополитан музейіне, футбол стадиондарына, немесе халық көп шоғырланған өзге де жерлерге барғыңыз келсе, ковид вакцинасының паспортын көрсетуге дайын болыңыз. Бұл электронды құжат індетке қарсы екпені қабылдағаныңызды немесе ковид вирусын жұқтырмағаныңызды дәлелдеу үшін қажет. Мамандар алдағы уақытта осы құжатты қолдану аясы кеңейді дегенді айтады.

Вакцина паспортын алғашқылардың бірі болып Нью-Йорк штаты қолданысқа енгізді. Губернатор Эндрю Куомо осы арқылы тұралап қалған экономиканы қалпына келтіріп, қызмет көрсету секторларының ашылуын едәуір жылдамдатуға болады деп мәлімдеді. «The Excelsior Pass» деп аталатын қосымшаның мақсаты адамның вакцина алғанын немесе вируспен ауырмағанын тез арада көрсетуге арналған. 

Эндрю Куомо, Нью-Йорк штатының губернаторы:

- Нью-Йорк халқы осы уақытқа дейін ковид пандемиясымкен күресу жолында денсаулық сақтау ережелеріне немқұрайлы қарамайтындарын дәлелдей алды. Вакциналаудың электронды паспорты да вируспен күресудің бір құралы деп біліңіз. Өйткені бұл қосымшаны қолдануы арқылы ресторандар, кинотеатрлар және өзге де қызмет көрсету орындары тез арада қайта ашылып, бұрынғы қалпына келе алады.

Вакцина паспортының қосымшасын AppStore немесе Google Play арқылы жүктесеңіз болады. Бұл қосымша андроид немесе IOS платформаларына орнатылады. Қосымшаға тіркелу барысында аты-жөніңіз, туған жылыңыз және мекен-жайыңыз сынды негізгі мәліметтермен қатар вакцина алғаныңызды да көрсетуге тиіссіз. Содан соң бар болғаны QR кодты скандасаңыз жеткілікті. Алда-жалда ковидпен ауырғаныңыз анықталса, телефоныңыздың экранына тиісті хабарлама шығады.

Алайда мұндай қосымшаны қолдануды қаламайтын американдықтар да аз емес. Айтуларынша, вакцина паспорты адамның жеке басының бостандығына қауіп төндіреді. Оның үстіне мұндай қосымшаны көрсетуді талап ететін қызмет көрсету орындары адамның медициналық хал-ахуалын оңайлықпен көре алады. Сонымен қатар вакцинаны алу-алмау міндетті әр адамның еркінде екендігін ескерсек, вакциналау паспортын қолдануды талап ету орынсыз. Бұл пікірді қолдайтындардың бірі Техастың губернаторы Грег Эббот штат аумағындағы ресторандар мен шағын бизнес орындарына ковид вакцинасының паспортын сұрауға етуге тыйым салды.

Грег Эбботт, Техас штатының губернаторы:

- Бұл сұмдық. Елдің өкіметі немесе жеке секторлар адамнан жеке медициналық ақпаратын жария етуді талап ете алмайды. Ол әр тұрғынның жеке шаруасы. Кинотеатрға кіргіңіз келсе паспорт көрсетіңіз деген не сұмдық. Сол себепті мен штат аумағы бойынша вакциналау паспортын қолдануға тыйым салып, арнайы жарлыққа қол қойдым. 

Техастан бөлек Теннеси және Флорида сияқты штаттар да вакциналау паспортынан бас тартуда. Алайда мамандардың айтуынша, аталмыш қосымша блокчейн технологиясының негізінде құрылғандықтан адамның жеке басына қатысты медициналық ақапартқа қол жеткізу анау айтқандай оңай емес көрінеді.

Авторлар: Талғат Алманов, Ринат Садыров

Сондай-ақ...