Бразилияда кедейлік деңгейі үш есеге өсті

Жаһандық экономика дағдарысқа ұшырады. Әл-ауқаты мықты елдердің табысы азайып, жалпы ішкі өнімі құлдырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарапайым халық арасында ашқұрсақ адамдар көбейіп, жұмыссыздық белең алды. Індеттің ушығуына байланысты карантин күшейіп, көптеген кәсіпорындар қайта жабылды. Италияда қаржы қыспағында қалған шағын кәсіп иелері биліктің саясатына қарсы ереуілге шықты. Бразилия мен Аргентинада да кедейлік деңгейі артып барады.

Италияда коронавирус пандемиясынан зардап шеккен шағын бизнес өкілдері биліктің індетпен күрестегі саясатына қарсы шығып, наразылық акция ұйымдастырды. Парламент ғимаратының алдына жиналғандар тәртіп сақшыларымен қақтығысқа түсті. 7 белсенді қамауға алынды. Жергілікті билік аймақтағы эпидахуалдың ушығуына байланысты көптеген кәсіпті мамыр айына дейін қайта жауып тастамақ. Наразылар шектеу шараларына көңілдері толмайтынын айтып, кәсібін жалғастыруға мүмкіндік беруді талап етіп отыр. «Мемлекеттің өтемақысы күнкөріске жетпейді», - дейді бизнес өкілдері. 

Гермес Феррари, мейрамхана иесі:

- Шектеулерге қарамастан жұмысымды жалғастыра бердім. Есесіне төлейтін айыппұлдар көбейіп кетті. Ал жабылатын болсақ тіпті банкротқа ұшайын деп тұрмын.

Маурицио Пинто, дүкен иесі:

- Елде төтенше жағдай режимі аяқталғанша алған бетімізден қайтпаймыз. Індетті жеңу үшін кәсіп иелерімен арпалыспай, науқастарды емдеу керек. Алдымен Денсаулық сақтау саласын жөнге келтірсін. Ал адамдарды нәпақасынан айырып, жұмыссыз қалдыруға болмайды.

Коронавирус індеті бразилиялықтардың да әл-ауқатын әлсіретті. Биыл елдегі кедейлік деңгей 3 есеге өскен. Жыл басындағы 3 айда жарлы-жақыбайлар саны 17 миллионға жеткен. Бұл – жергілікті халықтың шамамен 13%-і. Олардың ай сайын тапқан табысы 44 долларға да жетпейді. Сарапшылардың айтуынша, кедей-кепшіктің көбеюіне коронавирус індетінің тікелей әсері бар. Былтырғы жылдың сәуірінен желтоқсан айына дейін 66 миллион тұрғын үкіметтен жәрдемақы алған. Бірақ соңғы айда ақшалай көмек қысқарып қалды.

Марсело Нери, зерттеу қорының директоры:

- Қаржылай көмек беру мәселені шешпесе де, мұны маңызды қадам деп қарастыруға болады. Кедейліктен құтқарудың тағы бір жолы – жаппай вакциналау. Бірақ екпе толық жеткенше әлеуметтік арақашықтық сақтау және үйде отыру сияқты талаптарды қатаң ұстанған жөн.

Родриго Афонсо, «Азаматтық іс-әрекет» ұйымының директоры:

- Негізі індет аштық әкелмейді. Бұл жоқшылық індетке дейін болған. Коронавирус тек жағдайды ушықтыра түсті. Жаппай жұмыссыздық жайлады.

Кедейлік пен жұмыссыздық Аргентинада да белең алды. Жүргізілген зерттеулерге сай аймақтағы кедейлік индексі өткен жылы 42%-ке артқан. Ал жалпы ішкі өнім 9,9%-ке құлдырады. Бүгінде 45 млн халқы бар елде шамамен 19 млн тұрғын кедейлік шебінде күн көреді. Қазір екі қолға бір күрек таба алмай жүрген аргентиналықтардың қатары артып барады. Түрлі тауар құнының шарықтауы да жағдайды одан бетер қиындатып тұр.