Ресей коронавирус індетінің үшінші толқынынан қауіптеніп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Елде індет жұқтыру саны төрт күн қатарынан азайып жатыр. Бірақ мамандар «тез жұғатын вирустың жаңа штамдары тарап кетуі мүмкін» дейді. Ресейдегі вакциналау науқаны жайлы сол елдегі тілшіміз баяндайды.
Дана Нұржан, тілші:
- Ресейде 6 миллион адамға вакцина салынды. 4 миллион 300 мыңы екпенің екінші дозасын алған. Жұрттың көбіне қос компонентті «Спутник V» вакцинасы салынып жатыр. Ресейде шығарылған «ЭпиВакКорона» атты екінші препарат да айналымға түсе бастады. Оны да екі рет егу керек. Сәуір айының соңына дейін бұл вакцинаның 1,5 миллион данасын шығару көзделген. Жалпы Ресейде үш вакцина тіркелді. Арасындағы «Спутниктің» екі модификациясы бар.
Александр Арутюнов, Еуразиялық терапевтер қауымдастығының бас хатшысы:
- Қазір «Спутник Лайт» деп аталатын вакцинаның жеңілдетілген түрі шығады. Оның міндеті – елдегі індет толқынын басу. Кейін тағы екі вакцина дайын болады. Оларды қайта егіп, иммунитетті сақтап тұруға болады. Вирус мутацияланса, бұл препараттарды модификациялай аламыз.
Вакциналар өндіріс технологиясы және екпе жасау кестесі бойынша ерекшеленеді. Нақты қайсысын егу керек екенін дәрігерлер шешеді.
Геннадий Онищенко, РФ Мемлекеттік дума депутаты:
- Вакциналарды таңдауға болмайды. Екпе орталығына келгенде дәрігердің өзі белгілейді. Бізде вакцинаның үш түрі бар, олардың қауіпсіздігі мен тиімділігі шамамен бірдей. Бір деңгейде тұр. Иммунитетімізді арттыруымыз керек. Халықты осы індеттен қорғауымыз қажет.
Ресей билігі жаздың аяғына дейін елде ұжымдық иммунитет қалыптасатынына үмітті. Осы мезгілде халықтың 70%-іне екпе салынуы тиіс. Сонда ғана індетке байланысты қабылданған шектеулер күшін жояды.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров