Анкара мен Брюссель ынтымақтастықты қайта жандандыруға дайын

Еуроодақ басшылары Анкарада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен келіссөз өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кездесуден кейін Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Түркия қызуғышылығы бар бағыттар бойынша Еуроодақпен ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін мәлімдеді. Жақын арада Брюссель экономика, лаңкестікпен күрес, денсаулық сақтау және табиғатты қорғау бойынша өз ұсыныстарын әзірлейді. Тараптар миграциялық келісімнің мерзімі мен кедендік одақ жөнінде келіссөзді ұзартуды талқылады. Еуроодақ басшылары Түркиядан адам құқықтары бойынша өз міндеттемелерін орындауын және заңсыз мигранттарды Еуропа аумағына жібермеуін талап етті. Брюссель Түркия аумағындағы 4 миллион сириялық босқындардың қажеттіліктерін қаржыландыруға дайын екенін білдірді.

Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

- Түркия адам құқығына қатысты халықаралық нормалар мен стандарттарды құрметтеуі тиіс. Бұл ел Еуропа кеңесі құрылтайшыларының бірі ретінде ережелерді орындауға міндеттеме алғанын айта кету керек. Түркия әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөнінде Ыстамбұл конвенциясынан шыққанына қатты алаңдап отырмын. Бұл дұрыс емес. Еуроодақ үнемі келеңсіз жағдайларды айтып келеді. Бұл Грекия және Кипр секілді Одаққа мүше елдерге қатысты қабылданған біржақты қимылдарға да қатысты.

Шарль Мишель, Еуропалық кеңес төрағасы:

- Соңғы айларда Жерорта теңізінің шығысында ахуал тұрақтала бастағанына куә болдық. Бұл оң үрдісті қолдап, дамыту қажет. Ливиядағы жағдайға келсек, барлық шетелдік әскер мен жасақшылар ел аумағынан кетуі тиіс.