COVID-19: Бразилияда өлім-жітім күрт көбейді

Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы бір күннің ішінде 4195 адам қайтыс болған.

Бұл Латын Америкасындағы ең ірі мемлекетте індет басталғалы тіркелген күнделікті ең жоғары көрсеткіш. Медицина саласының кейбір сарапшылары жағдай осылай жалғаса берсе, Бразилия құрбандар саны бойынша әлемде бірінші орында тұрған АҚШ-ты басып озуы мүмкін дейді. Бірақ президент Жаир Болсонару елде жалпыұлттық локдаун жарияланбайды деп мәлімдеді.

Жаир Болсонару, Бразилия президенті:

– Біз үйден шығармау және бүкіл жерді жабу сияқты саясатты ұстанбаймыз. Бұл вирус ешқашан біржола жойылып кетпейді. Басқа инфекциялар сияқты ол әркез біздің өмірімізде болады. Негізі мен жалпыұлттық локдаун жариялай аламын, бірақ ешқандай да карантин болмайды.

Елдегі 46 миллион тұрғыны бар ең ірі Сан-Паулу шаһарында 1400-дей науқас көз жұмған. Мұнда күніне жаңадан 600 қабір қазылып жатыр. Қала билігі алдағы 3 айдың ішінде мәйіттерді тартпа сияқты табытқа салып, жер астына тез қоя салатын 26 мың орын дайындауға кірісті. Жерлеуге сұраныстың артуына байланысты зираттардағы қызметкерлер үшін жұмыс уақыты түнгі 10-ға дейін ұзартылған. Көптеген штаттарда жансақтау бөлімдері соңғы аптада 90 процентке дейін толып қалған. Науқастарға оттегі беретін құралдар жетіспей, ажал құшуда. Бразилияда вакцинаның 2 дозасын алған тұрғындар саны халықтың 3 процентіне де жетпейді.

Рикардо Антикуейра, муниципалды қызметкерлер одағының президенті:

– Өкінішке қарай, біз бүкіл әлемнің алдында масқара болып жатырмыз. Қазір дүние жүзі Бразилияға қарап, шошып отыр. Бразилия әлеуметтік жарылыс аймағына айналды. Коронавирустың жаңа штаммдары бірінен соң бірі қаулап шығып жатыр. Мұның себебі елде індет пен адам өмірін бақылау жүйесі мүлде жолға қойылмаған. Сондықтан біз президент Болсонарудың әрекетсіздігі үшін ұяламыз.