433,55 515.14 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Египет Суэц каналындағы оқиғаға байланысты шығындарын есептеп жатыр

  • 45
  • UPD: 16:49, 08.04.2021

Алдын ала болжамға қарағанда каналда жүк кемесінің қайраңға тұрып, қатынастың тоқтап қалуынан келген шығын көлемі 1 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін.

Осыған байланысты ел парламенті мәлімдеме жасап, мәселеге қатысты жаңа шешімдер қабылдауға ниетті екенін хабарлады. Себебі Суэц арнасындағы оқиғадан ел беделіне үлкен нұқсан келген.

Египет парламентінде жүк кемесінің қайраңға тұруынан келген шығынмен айналысатын арнайы сарапшылар тобы құрылды. Оның құрамына белді экономистер, көлік компанияларының өкілдері, құтқарушылар және жергілікті бизнесмендер кірді. Сарапшылардың міндеті – Суэцтегі оқиғадан мемлекетке келген залалдың нақты көлемін анықтау. Жақында арнайы комиссия кемені тартумен айналысқан инженерлердің баяндамасын тыңдады. Олардың айтуынша, каналдағы қатынастың уақытша тоқтап қалуынан Мысырға кем дегенде 110 миллион доллар шығын келген.

Умм Хиаб, контейнерлер портының бас инженері:

– Арнаның жабылып қалуынан нақты қанша шығын келгенін анықтау қиын. Бұл жұмыс бірнеше аптаға созылатын шығар. Елге кем дегенде 110 миллион доллар шығын келді деп ойлаймын. Сарапшылар қайраңға тұрып қалған кемені тарту мен жүктерді сақтауға кеткен қаржыны да есептеп жатыр. Бұл тағы бірнеше жүз миллион доллар болуы мүмкін.

Ал Суэц каналындағы жүк кемесін қайраңнан шығарғанша өткелдің екі жағында 300-ден астам кеме жүре алмады. Олардағы жалпы тауар құны 10 миллиард долларды құрайды. Каналда кемені шығаруға ондаған техника жұмылдырылды. Құтқару операциясының алғашқы күндері жергілікті мамандардың асығыс әрекеттері нәтиже бермей, кей шетелдік бизнесмендердің сынына ұшырады. Кәсіпкерлердің айтуынша, олар ірі дағдарыс тудыра жаздаған.

Тамер Сашиба, экономист:

– Әрине, кабинетте отырып, далада жұмыс істеп жатқандарды сынау оңай. Шетелдік кәсіпкерлер бұл жерде тек өз шығынын есептеп, елімізге келген залалға аса көңіл бөле қойған жоқ. иә алғашқы күндері қиын болды. Бірақ олар кемені құтқару операциясы сәтті жүргізіліп, миллиардтаған доллар мен тонналаған жүктер аман қалғанын неге ескермейді.

Египет билігі шығынды анықтаған соң арнадан өтетін кемелердің көлемі мен онымен жүзу тәртібі бойынша талаптарды қатаңдатуды қолға алмақшы. Әзірге ешқандай шешім қабылданбаған. Бірақ мәселе қайталануда. Жақында өткелде грек туымен жүзіп бара жатқан тағы бір кеме қайраңға тұрып қалды.

Дмитрий Лукша, Светлана Брахмит және Амр Мурад

Хабар 24 телеарнасы